Өңірде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында нәресте сүйіп, бақытты отбасы атанып жатқандар көп.
Биыл ШҚО бойынша осы жобаға 252 квота бөлінді. Қазіргі уақытта ЭКО-ға кезекті бұрынғыдай төрт-бес жыл тоспайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- «Аңсаған сәби» бағдарламасының жұмыс істегеніне биыл үшінші жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында «Аңсаған сәби» бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтіп, 7 мыңға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде бүгінде ЭКО процедурасына кезек бұрынғыдай төрт-бес жылға созылмайды, ары кетсе үш айдан алты айға дейін күтуі мүмкін, - дейді Экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасын үйлестіруші, репродуктолог, акушер-гинеколог, ШҚО бойынша антенатальды күтімді үйлестіруші Надира Слямханқызы.
Бағдарлама үйлестірушісінің түсіндіруінше, бағдарламаға квота алу үшін өзі тіркелген медицина мекемесінде диспансерлік есепте тұрған, №72 бұйрық бойынша бекітілген көрсеткіштері бар бедеу әйелдер жіберіледі. Бала сүйгісі келетін жұптар «Аңсаған сәби» арқылы мемлекеттен берілетін көмекті өздерінің акушер-гинекологтарынан біле алады. Шалғай ауылдарда тұратын, естімей-білмей қалған отбасыларға да қажетті ақпаратты өздері тіркелген емханадан алуға болады. Бүгінгі таңда әр мекеменің диспансерлік есебінде тұрған пациенттерді аймақтық комиссияға жібереді.
- Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жұптардың денсаулықтары тексеріліп, көрсеткіштері бойынша тиісті ем-шаралар жасалған соң ғана олар ЭКО процедурасына жіберіледі. Зерттеулерден өту, емделу үш айдан алты айға дейін, кейде бір жылға дейін созылады, - деп қосты Надира Слямқызы.
Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин «Аңсаған сәби» бағдарламасының 2030 жылға дейін ұзартылатын айтқан болатын.
- 2021-2023 жылдар аралығында 21 000 отбасына экстракорпоралды ұрықтану әдісі қолданылып, он мыңнан астам бала дүниеге келді. Бұл үлкен көрсеткіш. Енді «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылатын болды. Біз жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 7000 жасанды ұрықтануды жасауды әрі қарай жалғастырамыз. Яғни, алдағы жеті жылда бедеулікке шалдыққан 49 000 отбасыға аталған бағдарламаға қатысуына мүмкіндік бар, - дейді Вячеслав Локшин.