ШҚО-да үшемдер дүниеге келді
ШҚО-да жыл басынан бері үшемдер 3-ші рет дүниеге келді.
Өскемен қаласының тұрғыны Жансая Ахмадиева мен Шемонаихадан келген Марина Строкань бірден үшемдердің анасы атанды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жансая Ахмадиеваның айтуынша, жолдасы екеуі баланы ұзақ жыл армандаған, бірақ сәті түспепті. Соңғы үміттері «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының аясында ЭКО жасату болыпты.
Ұлдары Ералы –1 970 гр, Ерасыл 2 000 гр, қызы Зере 2035 гр салмақпен туыпты. Барлығының бойының ұзындығы 42 см.
Ал Марина Строкань мен жолдасының отбасына қуаныш сыйлап өмірге келген сәбилердің есімдері – София, Виктория және Дарья.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы жолдауында “Аңсаған сәби” бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтіп, 7 мыңға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Егер сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз. Бағдарлама 2026 жылға дейін созылады.