KZ
Өскемен
туман жел 2 м/с, ОШ
494.87 520.65 4.91

ШҚО ауылдарында отыздан астам медицина мекемесі салынады

27.02.2024, 09:25 288 Айна Ескенқызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасын дамыту жөнінде тапсырма берген. Бүгінгі таңда ауылдағы ағайын денсаулық сақтау саласындағы бұл оң өзгерісті анық сезініп отыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары Шығыс Қазақстанда 36 медициналық нысан, оның ішінде жеті дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт салынады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Былтыр жоспарланған 18 медпункттің бүгінде 17-сі (Тарбағатай ауданында - 6, Шемнайха ауданында – 1, Күршім ауданында – 5, Ұлан ауданында -5) пайдалануға берілген. Ал Глубокое ауданының Прапорщиков ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы биыл мамырда аяқталуға тиіс.

Сонымен қатар құрылысы биылға межеленген 18 медициналық нысанның 17-сінде мердігерлік ұйымдар анықталған. Бір медпункттің жобасы бойынша конкурс алдағы наурыз айында өтеді. Емдеу мекемелерінің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымына қаражат облыстық бюджеттен қарастырылған.

– Қазір барлық жоба бойынша сарапшылардың оң қорытындысы алынды, мердігер ұйымдар анықталған, - деп түсіндірді құрылыс басқармасынан.

Ауылды жерлерде ашылып жатқан шағын медициналық мекемелер тұрғындар үшін өте қолайлы болғанын айта кеткен абзал. Мәселен, былтыр Ұлан ауданының Казачье ауылында заманауи медпункт ашылған. Енді жергілікті халық басы ауырып, балтыры сыздаса көрші ауылға немесе қалаға ат сабылтып бармайтын болды.

– Көп жылдар бойы медициналық көмек үшін көрші Герасимовка ауылына сабылуға мәжбүр болдық. Енді өз ауылымызда медициналық қызметтерді аламыз, скринингтік тексерулерден өте аламыз. Медпункт барлық жабдықтармен жабдықталған. Арнайы кабинеттер, оның ішінде гинекологиялық және терапиялық кабинеттер жұмыс істейді, - дейді ауыл тұрғындары ағынан жарылып.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу