Театр барысы: ШҚО драма театрының актеры топ жарды

Күні кеше ШҚО драма театрының актерлері қазақ күресі бойынша дүбірлі додаға қатысып жатқанын жазған едік. Астана қаласында Қазақстанның театр майталмандарының арасында қазақ күресінен турнир өткен болатын.
Шығыстың намысын қорғауға үш балуан барған болатын. «Театр барысы» ІІ республикалық турнирінде ШҚО драма театрының актеры Арыстанбек Мұхиятұлы жүлделі үшінші орынға табан тіреді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Турнирге шығыстың намысын қорғауға Арыстанбек Мұқият, Думан Дулатұлы, Жандос Салбанов қатарлы актер балуандар барды.
Жобаның басты мақсаты – елімізде мемлекеттік және мемлекеттік емес алпыстан астам театрлардың арасында ұлттық спортты дамытып, қазақ күресін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар өңірлердегі театр актерлерінің бір-бірімен өнердегі шығармашылығын нығайтуға да бағытталған.
Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.