Самарда тасқынға дайындық жұмыстары қызып тұр

Фото: Самар ауданының әкімдігі
Самар ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қызып тұр.
Аудандық әкімдіктен хабарлағандай, өңірде сегіз гидротехникалық құрылыс бар болса, оның бесеуі «Шығыс су қоймалары» ЖШС балансында, қалғаны аудандық коммуналдық меншікте екен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, қазір аудандағы ауылдық округ әкімдіктері су өткізу құрылыстары мен өзендердің арналарын қар мен қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік органының мамандары азаматтық қорғаныс қызметкерлерімен бірлесіп, халықты су тасқыны кезіндегі іс-қимылдар жөнінде хабардар ету мақсатында ауылдарды аралап жүр.
Жалпы, биыл Самар ауданында көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында жергілікті атқарушы билік пен ТЖ бөлімінің 92 адамы мен тоғыз мотопомпасынан құралған күш сақадай сай тұр.