KZ
Өскемен
-15°
ясно жел 1 м/с, С
530.24 543.97 5.16

АПВ-ға қарсы вакцинациялау: ШҚО медиктері Астанада семинар-тренингке қатысып жатыр

Фото: Денсаулық сақтау басқармасы

12.03.2024, 19:00 143 Айна Ескенқызы

Бүгін Астанада Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының ұйымдастыруымен және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ДДҰ-ның адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау мәселелері жөніндегі апталық республикалық семинар-тренингі басталды. 

Бұл шараға Ұлттық иммундау бағдарламаларының басшылары, жетекші клиницистер, республикалық және өңірлік деңгейдегі денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар, сондай-ақ ШҚО медиктері де қатысып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Семинар қатысушыларына АПВ-ға қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі, онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының профилактикасы, вакцинациялауға деген сенім туралы жаңартылған ақпараты бар оқу модульдері ұсынылды.

Айта кетсек, иммундау - еліміздің халық денсаулығын сақтау саласындағы ұлттық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі. АПВ-ға қарсы вакцинациялау адам папилломасы вирусымен зақымдану деңгейін және онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуын төмендетеді. Қазақстанда жыл сайын ЖМО-ның 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады. Бұл туралы семинарда айтылды.

- Шығыс Қазақстаннан семинарға облыстың штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері Күлдарай Ахтанова, мектеп медицинасының үйлестірушісі Жанар Әбілмажинова, Өскемен қалалық №2 емханасының жалпы практика дәрігері Замира Ахмадиева, балалар гинеколог-дәрігері Лиза Касымханова және ШҚО санитариялық-эпидесиологиялық бақылау департаменті эпидбөлімнің басшысы Ш. Калыков қатысты. ДДҰ-ның бір апталық тренингі аяқталғаннан кейін аймақтан қатысқан мамандар облыстың медицина қызметкерлеріне оқыту семинарларын жүргізетін болады, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу