«Өскемен Водоканал» кәсіпорнына жоспардан тыс тексеру жүргізілді (видео)
ШҚО бойынша экология департаменті облыстағы мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде 16 - 28 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының нормаларын сақтау мәселесі бойынша «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК кәсіпорнына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын.
Бүгін Экология депаратменті жүргізілген тексерулердің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталған екен. Атап айтқанда, камералық сүзгі престерінің жұмыс істемегені белгілі болды. Бұл Экологиялық кодекстің 86, 90-баптарына қайшы келіп, ӘҚ туралы кодексінің 332-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты құрайды.
Осы құқық бұзушылық үшін 1 292 200 теңге сомасына айыппұл салынып отыр. Ол қысқартылған өндіріс бойынша мемлекет кірісіне төленді (-50%).
Сондай-ақ «Өскемен Водоканал» кәсіпорны тазарту құрылыстарын тиісінше пайдаланбағаны да анықталды. Осы құқық бұзушылық үшін 2 953 600 теңге сомасына айыппұл салынып, қысқартылған өндіріс бойынша мемлекет кірісіне төленген.
Сонымен қатар Экология департаментінің сынақ зертханасы мамандары кәсіпорынның сарқынды суларының №20 төгіндісінен сынама алған болатын. Талдау нәтижелеріне сәйкес, №20 шығарылымда тұз аммонийі бойынша 1,2 есе, мұнай өнімдері бойынша 1,6 есе және мырыш бойынша 1,7 есе асып кеткен.
Сондай-ақ депаратменттің баспасөз қызметі жоғарыда аталған баппен қазіргі уақытта «Өскемен Водоканал» ШЖҚ МКК кәсіпорнының өтініші бойынша ШҚО Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына айыппұл сомасына шағымдану бойынша материалдар қарау үшін жіберілгенін айтып отыр.
Кәсіпорынға Департамент атына осы бұзушылықтарды жою бойынша әзірленген іс-шаралар жоспарын ұсына отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді.