Өскемендегі қазақ тілі клубының қатысушылары мерекелік кеш өткізді (видео)
«Кел, сөйлесейік!» клубына мүше өзге ұлт өкілдері қазақ әндерін орындап, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеді.
О. Бөкей атындағы кітапханада Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай мерекелік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Кел, сөйлесейік!» қазақ тілін үйрету клубы қатысушыларының ұлыстың ұлы күніне арнаған өнер бағдарламалары былтырғыдан да бай. Өнер кешінде өзге ұлттың ұл-қыздары, жасы мен жасамысы Наурыз туралы әуезді әндер шырқап, нақышына келтіре өлеңдер оқыды. Тіпті, айтыс өткізіп, келушілерді сүйсінтті. Ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетіп, ақ тілектерін арнады.
Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткен бұл шара Наурызнаманың үшінші күні - Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай өткізілді. Мақсаты - өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгерулеріне ықпал ету арқылы ұлтаралық достық пен бірлікті нығайту.