KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
495.2 522.34 4.94

Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында тасқынмен күрес жұмыстары жүріп жатыр

30.03.2024, 09:00 174 Назерке Каримова

Наурыздың 28-і күні кешкі сағат 17.30 мөлшерінде Тарбағатай ауданындағы Қарасу ауылының жоғарғы жағынан еріген қар суы ауыл шетіне кіріп, елдімекенді су басу қаупі туындады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жол жағалай келіп жайылған қызылсудың екіпінін азайту үшін ауылға кірген суды бас жағынан екіге бөлу туралы шешім қабылданды. Ауылды қызылсу жайылуынан сақтау үшін «ОблШығысЖол» ПДУ-3 кәсіпорнының және «Синь-Синь» компаниясының екі тиегіші, ауылдық округ тұрғындарының екі МТЗ тракторы және 60 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ өрт сөндіру мекемесі, төтенше жағдайлар бөлімі, аудан мен ауыл әкімдігінің басшылары мен мамандары, ауыл тұрғындары 29 наурыз күні таңғы сағат 5.00-ге дейін тасқынмен күресіп, ауылды су басудан сақтап қалды. Аулалардағы су мотопомпамен сыртқа шығарылып, тасқын судың жолына траншея қазылды, су жайылу қаупі туындаған көшелерге бөгеттер жасалды.

Бүгін жұмыстар жалғасуда. Кәсіпкер Қайрат Нәбиевтің экскаваторы,  коммуналдық шаруашылық мекемесінің бір тракторы, ауыл тұрғынының бір тракторы ауылды тасқыннан қорғау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Су жүрген жерлерге траншея қазылып, су ауылдың шетіне шығарылды. Жолдың бөлігіне құбыр салынды. Өрт сөндіру мекемесі, төтенше жағдайлар бөлімі, аудан және ауыл әкімдігі, ауыл  тұрғындары, жиыны 30 адам жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта қауіп сейілді.

Сонымен қатар қазір облыстық маңызы бар Ақсуат – Бәкей – Қарасу – Ақжар автожолының су шайған бөлігіне құбыр-көпір орнатылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа «ОблШығысЖол» ПДУ-3 кәсіпорнының қызметкерлері, бір экскаватор, бір тиегіш, екі жүк көлігі, бір «Газель», бір «Нива»  автокөлігі жұмылдырылды. Жалпы ауылдық округ бойынша екі экскаватор, екі тиегіш, бес мотопомпа, екі МТЗ тракторы, екі «Хова» жүк көлігі, біп тралл, төрт әртүрлі техника жұмылдырылуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу