Елді мекендерге қауіп төндірген қарғын судың алдын алды - ШҚО
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында күннің күрт жылынуынан жылдам еріген қар суы көлік жолдары мен көпірді шайып кетті. Елді мекендерге қарғын судан қауіп жоқ.
Жергілікті билік өкілдері, құтқарушылар, әскерилер мен полиция қызметкерлері жағдайды күндіз-түні бақылауға алып, тасқынға қарсы күрес жүргізіп жатыр, деп хабарлай Altainews.kz тілшісі.
Арнасына сыймай аққан өзен суы Тарбағатай ауданының Қарасу ауылдық округі мен Ақмектеп ауылдары арасындағы Омбы-Майқапшағай республикалық трассасының 25 шақырымында айналма жолға жайылды. Бұл усаскеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. «Синь Синь» ЖШС-нің күшімен топырақ төгу, су бұру жұмыстары жүргізілуде. Штабтан хабарлағандай, елді мекендерге су басу қаупі төніп тұрған жоқ.
Тарбағатай ауданының Қазақстан ауылы маңында да топан су жайылуы ықтимал жерлерге құм-топырақ толтырылған қаптардан бөгет жасалып, топырақпен көмкерілді. Су ауыл шетімен ағып көлге қарай құйылып жатыр. Жағдайды жергілікті атқарушы биліктің және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері бақылауда ұстап отыр
Облыстық маңызы бар Ақжар-Ақсуат жолының Бәкей учаскесінде де тасқынға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елді мекендерге су жайылып кетпеуі үшін Қарасу, Бәкей, Ақсуат ауылдарының арасындағы жолдар бөгелді.
Күршім аудандық жедел штабтың хабарлауынша, күннің күрт жылынуынан жылдам еріген қар суы Топтерек ауылына 4 шақырым жердегі көпірдің бетон құрылысын шайып кеткен. Соның салдарынан аталған елді мекенмен қатынас үзіліп, көлік те, адам да жүре алмай қалды. Оқиға орнына шұғыл жеткен жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметінің өкілдері қарғын судың бетін қайтаруға күш жұмылдырып, коммуналдық мекеменің техникаларымен елді мекенге қатынайтын айналма жол ашуға кірісті. Топтерек ауылына су басу қауіпі төніп тұрған жоқ. Судың арнасын бұру жұмыстары қолға алынды. Барлығы 13 адам және алты техника жұмылдырылған. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, қираған көпір қалпына келтірілетін болады.
Ұлан ауданында да дәл осындай жағдай болды. Тасқын су Отрадное мен Ново-Одесское ауылдарының арасындағы жолды жырып кетті. Оқиға орнына азаматтық қорғау қызметінің мамандары дереу жетіп, жағдайды бақылауға алды. Қазір мұнда жолдың бір бағытымен ғана көліктер жүріп жатыр. Оқиға орнында жергілікті атқарушы органның 17 адамы мен төрт техникасы, төтенше жағдай қызметінің екі адамы мен бір техникасы жұмыс істеп жатыр.
Алтай ауданында еріген қар суымен күресуге 68303 әскери бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылған. Жергілікті тұрғындар дер кезінде көмекке келген әскерилерге алғыс айтып, ризашылықтарын білдіруде.