ШҚО-да су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізілуде (Видео)
ШҚО әкімі өңірдегі су тасқыны ахуалы бойынша кеңес өткізді. Ермек Көшербаев Алтай, Глубокое, Марқакөл және Катонқарағай аудандарына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері облыста сыртқы ауа температурасы жоғарылайды. Осыған орай, қардың белсенді еруі күтілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Бүгінгі таңда өңірде су тасқынынан зардап шеккендер жоқ, жағдай үнемі бақылауда, - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев. - Осы орайда бүгін Глубокое ауданы Белоусовка гидротехникалық құрылыстың жұмысымен таныстым. Нысанда суды ағызу штаттық режимде жүріп жатыр. Өзендердегі 55 су бекеті де ерекше назарда, су мөлшеріне үнемі мониторинг жүргізіліп, бақылауда. Әзірге су деңгейі қалыпты мөлшерде. Аумақтарды авиациялық тексеру жүріп жатыр. Сәуір айында, су тасқынының белсенді толқыны кезінде ауыр жағдайды болдырмау үшін барлық алдын алу шаралары қабылдануда.
Облыс басшысы өңір тұрғындарынан құтқарушыларға, қар тазалау, арықтар мен каналдарды тазарту жұмысына белсенді қатысуын сұрады. Бірлесе жүргізілген жұмыс ауыр зардаптардың алдын алып, су тасқынынан болуы мүмкін зиянды азайтпақ.
Оқи отырыңыз