KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 5 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

Спорт мектептерінің 7 қызметкері жалған дипломмен жұмыс істеген

Фото: bangkokbook.ru

9.04.2024, 18:00 161 Ержан Әбіш

ШҚО-дағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің 7 қызметкері жалған дипломдарды пайдалана отырып жұмыс атқарған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау барысында басқа да деректер әшкере болды.

Айталық, 2021 жылы Өскеменде орналасқан волейболдан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі оқу-жаттығу жиындарын өткізген, спортшыларға жатын орын мен тамақтану үшін іссапар төлемі ретінде 4,1 млн теңге аударылған. Алайда бұл жиындар Өскемендегі мектептің өз базасында өткен. Яғни, Өскеменде тұратын спортшыларға іссапар шығындарына төлем жасалған.

Ал, Жаңа Бұқтырма кентіндегі және Серебрянск қаласындағы спорт мектептерінде тәрбиеленушілердің қайталану фактісі және мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзудың көптеген деректері анықталды.  

– Барлық фактілер бойынша уәкілетті органдар тексерулер жүргізуде, қорытындысы шыққаннан кейін қылмыстық-процестік заңнама шеңберінде шешімдер қабылданатын болады. Мұндай бұзушылықтарды болдырмау үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсынымдар берілді, – деп атап өтті Денис Шакенов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу