Жол, жарық, ауызсу: Маралдыны қандай өзгерістер күтіп тұр?
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бастаған жұмыс тобы іссапар аясында Күршім ауданындағы ауылдардың ахуалымен танысты.
Арнайы жұмыс тобы аралап көрген елді мекеннің бірі — Маралды. Мұндағы орта мектептің жағдайы ойдағыдай. Оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мектептің әдістемелік базасы да нығайтылғанын атап өтті. Тек спорт зал жөндеуді қажет еді. Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов бейінді басқарма басшысына бұл істі жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен, алдағы уақытта ауылды абаттандыру, жарықтандыру, ауызсу тарту және үш жарым шақырымға жуықтайтын ауылішілік жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетінін атап өткен жөн.
Сондай-ақ жергілікті учаскелік полиция пункті жөнделіп жатқанын айта кетейік. Жұмыс тобы ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша хоккей корты мен балалар ойын алаңына да барды. Оған қоса су жаңа медициналық пункті аралап көрді.
Осыдан кейін облыс орталығынан келген өкілдер ауыл тұрғындарымен кездесті. Маралды жұртшылығы жол мәселесіне баса назар аударуды сұрады.
Аудан орталығынан Маралдыға дейінгі 75 шақырым жолдың 12,5 шақырымына асфальт төселді, биыл «Жол жылы» аясында тағы 15 шақырымы асфальтталады. Оған қажетті 750 млн теңге қаржы бөлінді. Қазір конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Жуықта жұмыс басталады. Автомобиль жолдары комитетінің талабы бойынша қиыршық тасты қара жолға асфальт төсегенде 15 шақырымнан асыруға болмайтынын айта кеткен жөн.
Маралды-Үшбұлақ арасындағы жолдың 10 шақырымына ағымдағы жөндеуіне, яғни қиыршық тас төгіп, тегістеуге 150 млн теңге бөлініп отыр. Қосымша аудандық бюджеттен де бұл мақсатқа тиісті қаржы бөлінеді.
Осы орайда айта кетейік, жол жұмыстарының сапасын жауапты мамандардан бөлек тікелей облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша ауыл тұрғындары қадағалайтын болды.
Сонымен қатар маралдылықтарды мазалап отырған екі көпірдің жағдайы. Біреуі Қойтас ауылындағы, екіншісі Қыстау Күршімдегі көпір. Қойтастағы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасына облыстан 16 млн теңге қаржы бөлінді, конкурстық рәсімдер өтеді. Күзге қарай жұмыс басталады. Оған дейін көпірді айналып жүретін уақытша жол салынады.
Ал Қыстау Күршім көпіріне келсек, оны да мамандар тексеруден өткізіп, апатты жағдайда тұрғанын анықтады. Сондықтан әзірге көпірді айналып өтетін жол салынады.
Маралды тұрғындары ауыл туризмін дамыту жөнінде сөз қозғаған еді. ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бұған толықтай мүмкіндік бар екенін жеткізді. Мамандар бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізеді. Дегенмен ауыл туризімін түлетуге тұрғындар да күш салуға тиіс.
Тұрғындар хоккей кортына асфальт төсеу туралы да ұсыныс айтқан. Бұл жұмыс дереу қолға алынатын болды. Ал мал қорымы мен мал бордақылау алаңын салу мәселесін аудан басшылығы бақылауға алады.
Сурет автордікі