Полиция Маралдыдағы жағдай туралы айтты: Басты міндет – халықтың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығы (видео)
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жергілікті БАҚ өкілдері Шығыс өңіріндегі жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты ресми ақпарат алу үшін жауапты орган өкілдерімен кездесу өткізді. Мемлекеттік басқару органдары, сарапшылар мен БАҚ өкілдері арасындағы диалогты «Altainews» медиа-орталығы ұйымдастырған болатын.
Кездесу барысында Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының құрылысы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі көтерілді.
Естеріңізге сала кетейік, жергілікті тұрғындардың кәсіпорын аумағына басып кіруі салдарынан асхана қызметкерлері жарақат алған болатын.
Заң бар жерде тәртіп бар. Олай болса полицияның қызметі айрықша маңызға ие. Бірінші кезекте бұл адамдардың өзінің қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қажет.
Айта кету керек, белгілі болғандай кәсіпорынға баса-көктеп кіріп, тәртіпсіздік әрекетке барған адамдардың бәрі бірдей жергілікті тұрғындар емес. Және оларды мұндай қадамға баруға итермелеген мүдделі топ болуы да мүмкін. Сондықтан қарапайым халық тасадан тас лақтырып отырған біреулердің сөзіне еріп босқа арандап қалмауы керек. Қазір бұл жағдайдың анық-қанығын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.