KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 5 м/с, СШ
471.46 504.79 5.53

Прибрежный кентіне апарар жол жоспарға сай жүріп жатыр

28.06.2024, 13:30 109 Қызырбек Дүргінбайұлы

Алтай ауданына қарасты Прибрежный кентінде ұзындығы 7 шақырым кірме жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жолдың 30 пайызына асфалт төселіп, жұмыс жоспарға сай жүргізілуде.

Биыл Шығыс Қазақстан облысында жарияланған Жол жылы аясында бірқатар ауданда жолдар жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

Осы қатарда Прибрежный кентіне апарар жол маусым айының басында басталған, мердігер компания шілде айының соңына қарай жұмысты аяқтамақ. Ауыл әкімі мен тұрғындар жолдың жөнделу барысын, сапасын бақылауда ұстап отырғандарын айтты.

– Бұл ауылға келетін кірме жолға 1986 жылдан кейін орташа жөндеу жүргізілмепті. Ауыл тұрғындары үшін осы жолды жөндеу өзекті мәселеге айналған болатын. Биыл өңірімізде жарияланған Жол жылы аясында бұл мәселе шешімін тауып, бүгінгі таңда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз ауыл тұрғындарымен, белсенді азаматтармен бірге жолдың жөнделу барысын, сапасын бақылауда ұстап отырмыз. Әзірге жауапты компания жұмысты қарқынды әрі сапалы жүргізуде, – дейді Прибрежный кентінің әкімі Медет Лұқпанов.

Ал Алтай ауданындағы аталған жолға 481 млн теңге қаражат бөлініп, жолды орташа жөндеу жұмыстарын «Плюс» ЖШС қолға алған.

– Биыл өңірімізде Жол жылы  жарияланғаны бәрімізге белгілі. Осыған орай Алтай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Прибрежный кентінің кіре беріс жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттаманы  дайындаған болатын. Жобаның жалпы құны 481 миллион теңге, жолды жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланып, «Плюс» ЖШС мердігер ретінде анықталды. Қазір олар жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті, шілде айының соңына дейін жұмысты аяқтауға тиіс, – дейді Алтай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Юрий Гаврилов.

Бұған дейін ауылға апарар жолдың сапасына жергілікті кәсіпкерлер де шағымданып келген екен. Өйткені көптеген тауар жеткізуші жолдың нашарлығына байланысты тапсырыс қабылдаудан бас тартады екен. Сондықтан да біз жол жөндеу жұмыстарын бақылап, сапасын тексеріп жүрген ауыл тұрғындарымен де тілдесіп, пікірлерін білдік.

– Біздің жолдар 40 жылдан бері жөндеу көрмеген еді, кімге шағымданбадық дейсіз. Енді міне биылғы өңірімізде жарияланған Жол жылы аясында тілегіміз орындалып отыр. Кәсіпкер ретінде айтсам, көптеген фирмалар мен компаниялар осы жолдың нашарлығынан бізге күнделікті қажетті тауарларды жеткізуден бас тартатын. Оның үстіне Алтай өзінің әсем табиғатымен танымал, сол себепті өңірімізде туризмді дамытқымыз келеді. Ауылымыз Бұқтырманың жағасында, туризмді дамытуға өте қолайлы жерде тұр. Жолдар жөнделгеннен кейін бізге туристердің легі ағылады деп ойлаймын, – дейді Прибрежный кентінің тұрғыны, кәсіпкер Наталья Мельникова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив