Қаржы вице-министрі ШҚО тұрғындарымен кездесті (видео)
Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінде еліміздің қаржы вице-министрі Ержан Біржанов тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу барысында Ержан Біржанов жаңа Салық кодексі жобасындағы негізгі өзгерістер туралы айтты. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бірінші кезекте шағын және орта кәсіпке байланысты тұстарына тоқталды.
Жаңа Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай және ең төменгі 4 пайыз төлеммен жаңа жеңілдікті режим енгізу ұсынылады.
Бұған дейінгі заңда табысы 1 млн теңгеден асқандардың барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін. Енді мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің табысы жылына 15 млн теңгеден аспаса жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттемейді. Тек өзінің зейнетақы қорына, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға жалпы табысының 4 пайызын төлеуге тиіс.
Ал 15 млн теңгеден 500 млн теңгеге дейін табыс табатындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Бірақ, бұрығыдай 3 пайыз емес, 2 пайыз салық төлейді.
Олар үшін қазір шекті табыс мөлшері бір жылда 177 млн теңге шамасында болса, енді ол 500 млн теңгеге дейін көбейеді.
Жиын барысында облыстың тұрғындары мен кәсіпкерлері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Өз кезегінде вице-министр кездесуде айтылған барлық ұсыныстар салық заңнамасын қабылдау кезінде тағы да пысықталып, ескерілетіндігін атап өтті.
Фото: Аяужан Утеулинова