KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями Штиль
481.84 531.33 5.07

Өскемендік қолөнерші полиция департаментіне домбыра сыйлады – ШҚО

Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz
5.07.2024, 14:53 128 Ержан Әбіш

2018 жылдың 12 маусымында қабылданған қаулы бойынша шілде айының алғашқы жексенбісі Домбыра күні болып бекітілген. Ол ШҚО Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы Аяулым Кәрімова үшін ерекше мереке саналады. Себебі әкесі өмірінің отыз жылын домбыра жасауға арнаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Халқының салтын қадірлеген, ұлттық дәстүрді берік ұстанған, екі баланың әкесі болып отырған Бауыржан Кәрімов 1966 жылы Тарбағатай ауданының Құйған ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Өскемен педучилищесін еңбек-сызу пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 1987-1996 жылдары Тарбағатай ауданындағы Жамбыл ауылының мектебінде мұғалімі болған. 1997 жылдан бері Өскемендегі Жамбыл гимназиясында еңбек пәнінің мұғалімі.

Өнерлі азамат дәстүрлі аспаптар – домбыра, қобызбен қатар гитара, сандық, ертоқым, жиһаз жасап, қолөнерді 35 жылдан астам уақыт дамытып келеді. Мектеп оқушыларына домбыра жасауды үйретеді.

Бауыржан ағамыздың қолынан шыққан домбыраларды еліміздің мектептері, музыкалық білім мекемелері, сондай-ақ Түркия, АҚШ, Ресей сияқты мемлекеттерден сатып алған. Тіпті бір домбырасын облыс әкімі қызметін атқарған Бердібек Сапарбаев алған болатын. Қазір ол қалалық мұражайда сақтаулы.

– Домбыра жасау өнері нағашыларымнан дарыған. Ешқандай тәлімгерім болған жоқ. Өзім шын ниетіммен білгім келіп, үйрендім. Осы уақытқа дейін 1700 домбыра жасаппын. Бірақ бизнес жасаған емеспін. Жүрегіммен қалап меңгерген ісім болғандықтан, сұраныс болса ғана тапсырыс аламын. Көбіне мектеп мұғалімдері тапсырыс береді. Ақын Абаш Кәкеновке арнайы домбыра жасағанмын. Ерекше тапсырыс Германиядан түсті. Эрика есімді бойжеткен тапсырыс беріп, өзі арнайы келіп алып кетті, – дейді ол.

Шебер қолөнермен қоса аңшылықты да меңгерген. Ат әбзелдерін сұраныс бойынша жасайды, тазыларды қолда ұстап, ат жаратып, бәйгеге қосады.

Аяулы жары Күлбанумен екі бала тәрбиелеп отыр. Ұлы Азамат жеке кәсіппен айналысса, қызы Аяулым полицияда қызмет етеді. Бұл отбасында ешкім де өнерден құр алақан емес.

Мереке қарсаңында ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков шеберді арнайы құттықтады.

– Сіздей жандар – ұрпаққа үлгі-өнеге. Сіздің арқаңызда қаншама жас ұлттық құндылыққа назар аударып, қолөнерді меңгеріп жатыр. Сәттілік тілеймін, шеберлігіңіз шыңдала берсін! – деді ол.

Өз кезегінде шебер ШҚО ПД бастығына естелік ретінде домбыра тарту етті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив