KZ
Өскемен
-6°
туман жел 2 м/с, С
502.83 545.37 5.95

Жас футболшыларға жігер берді – ШҚО (видео)

22.07.2024, 17:43 593

Шығыс өңірінің жас футболшыларына бірыңғай форма табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Алтай» футбол клубында 500-ге жуық жас спортшы жаттығады. Бүгін өңір намысын байрақты бәсекелерде қорғауға бар күш-жігерін салып жүрген жасөспірімдерге дене шынықтыру және спорт басқармасы жаңа форма және  спорттық жабдықтар табыстады.

Бұл іс-шараға басқарма басшысы Асқар Можанов, клуб жетекшілері, жаттықтырушылар құрамы және белгілі спортшылар қатысты.

– Үш балам да футболмен шұғылданады. Алғаш рет үлкен ұлым футболға келгенде, 2017-2018 жылдары, арнайы форма үлестірілген болатын. Содан кейін бұл дәстүр жоғалып кеткен еді. Біраз уақыттан кейін қайта оралып жатыр. Бұған өте қуаныштымыз. Жас футболшыларға үнемі көңіл бөлінсе екен дейміз, – дейді Сымбат Кемешев есімді қала тұрғыны.

Өңірде 2023 жылдың желтоқсан айында «Өскемен» клубы құрылғанын айта кету керек. Бүгінде аталмыш клубтың өрендері бірінші және екінші лигада өнер көрсетіп жүр.

– Бұл спорт түріне соңғы кездері ерекше көңіл бөліне бастады. Мәселен, ертеңнен бастап қосалқы футбол алаңы жөнделеді. Осы уақытқа дейін жас футболшылар алаңда әртүрлі киім киіп жүрсе, бүгін бұл олқылықтың орны толды. Енді балалардың ынта-жігері, ықыласы да арта түсетіні сөзсіз. Ата-аналар мен бапкерлердің де көңілі марқайып қалды, - дейді «Алтай» футбол клубының спорт директоры Нартай Чамбилов.

Биыл футбол алаңындағы  тозығы жеткен торлар да жаңартылған. Сондай-ақ киім ауыстыратын бөлмелер, алаңдағы табло да жаңартылып, лицензиялау жұмыстары жүргізілген.

Балауса Қожаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу