Үрімші мен Алтайдан Өскеменге тікелей рейс ашылуы мүмкін
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясымен кездесті. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, туризмді дамыту мәселесін ортаға салған тараптар Үрімші-Өскемен және Алтай аймағы-Өскемен әуе рейстері іске қосу мүмкіндігін қарастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс өңірі Қытай Халық Республикасымен түрлі сала бойынша тығыз байланыс орнатқан. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы облыстың негізгі сауда серіктестерінің біріне айналып отыр.
Бұл жолғы кездесуде туристік саланы түлетуге ден қойылды. Екіжақты визасыз режимнің күшіне енуі бұл мәселені жолға қойып берді. Бүгінде Шығыстың көз сүріндірер көрікті жерлерін аралап көремін деген туристер аспан асты елінен ағылып жатыр деуге болады.
Шекаралас өңірлердегі туристік компаниялар да өзара ынтымақтастық орнатып, бір-бірімен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Кездесуде осы мәселе төңірегінде де сөз қозғалды.