ШҚО мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы шекаралық туризмді дамытпақ
Шығыс Қазақстан облысы - шекарадағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының сауда-саттық саласындағы басты серіктесі. Екі аймақ арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Былтыр ол 1 млрд 181 млн АҚШ долларына жеткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экспорттың негізгі үлесі - түрлі металлдар мен олардан жасалған бұйымдар, жабдықтар, құрылғылар мен аппараттар. Қытай жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдерді және дайын азық-түлік тауарларын да белсенді түрде сатып алуда. Сондай-ақ минералды өнімдер, химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері жеткізіледі. Алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының өңірлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту жоспарланып отыр.
ШҚО делегациясы қазір ертең ашылатын «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Үрімші қаласында жүр. Көрмеге біздің елден 42 компания қатысады, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысының да компаниялары бар.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиевтің айтуынша, мұндай ауқымды шараны Үрімшіде өткізудің өз себептері бар. Бұл қала Орталық Азияның елдері үшін шекаралық провинция болғандықтан барлық жүк тасымалы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтеді.
ЭКСПО-ның ашылуы қарсаңында Үрімшіде қазақстандық делегацияның әлеуетті қытайлық серіктестермен іскерлік кездесулері мен келіссөздері өтті. Олар өзара қызығушылық тудыратын салалардағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Біздің өңір үшін солардың бірі – туризм саласы. Шығыс Қазақстан облысының барлық туристік бағыттарды дамыту әлеуеті бар, ал елдер арасындағы визалық режимнің жойылуы шетелдік қонақтардың көптеп келуіне оң әсер етеді. Өз кезегінде туристер санының артуы шағын және орта бизнесті дамытуға да тың серпін береді: шағын қонақ үйлер, кемпингтер, хостелдер, жол бойындағы сервистік нысандар, дәмханалар, дүкендер, сондай-ақ өңір қонақтары үшін мәдени, спорттық және ойын-сауық демалыс ұйымдарын ашуға мүмкіндік болады.
– Біз Қытайдың 31 туристік компаниясымен кездестік, туристерді қабылдау бойынша тікелей шарттар жасасу үшін туроператорларымызды әкелдік. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мемлекеттік туризм қауымдастығымен Шығыс Қазақстанның көрікті жерлері мен табиғи жерлеріне туроператорларды жинап, ақпараттық тур өткіземіз деп келісіп отырмыз. Біз Қытай туроператорларының үлкен қызығушылығын байқадық, олар өз туристерін бізге әкелуге дайын. Сонымен қатар облыста туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Ардақ Мәдиев.
Мәселен, қазір өңір билігі Қанас көлінен Марқакөл көліне дейін трансшекаралық туристік маршрут салу мәселесін пысықтауда. Теректі ауылы арқылы Шығыс Қазақстанға жаңа шекара өткелі ашылған жағдайда туристердің бір бөлігін тартуға болады.
Халықаралық көрме аясында ертең Қазақстан мен Қытай арасындағы «Тату көршілік және достық, өзара тиімді ынтымақтастық» атты III өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Ол елдер арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, екіжақты сауда айналымы көлемін ұлүайтуға, Қазақстан экспортын әртараптандыруға, Қазақстан мен Қытайдың өңірлері арасындағы инвестициялар, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға ықпал ету.
Форумда Шығыс Қазақстан облысынан бірнеше компания Қытай тарапымен ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қоймақ.
Татьяна Кравченко
Фото: Аяужан Утеулинова