Шығыс өңірінің Алматымен ынтымақтастығы артады
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен Алматы қаласының делегациясы келді.
Кездесу барысында тараптар қаланың дизайн коды, кәсіпкерлік, өнеркәсіп пен туризм салаларының дамуы мәселелерін талқылап, өңіраралық кооперацияны күшейтуге келісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірде қолға алынған және даму көрсеткіші басым салаларды айта келе атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ екіжақты экономикалық байланыстың мықты екенін де атап өтті.
Мәселен еліміздегі жетекші саланың бірі түсті металлургияда Шығыс өңірінің рөлі айрықша. Бұл саладағы іргелі кәсіпорындардың бірқатары Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде қос тарап арасындағы сауда айналымы 30 млрд теңгеден асады. Жергілікті тауар өндірушілер Алматы нарығына өсімдік майын, қарақұмық жармасын, ұн мен шұжық өнімдерін және басқа да өнімдерді жеткізеді.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өз сөзінде оңтүстік астанада шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін, сондай-ақ ірі компанияларға қолдау зор екенін атап өтті.
Жалпы өңір экономикасын әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға туризм даңғыл жол ашады. Сондықтан туристік саланы түлету үшін өңір билігі бірқатар маңызды жобаны қолға алды. Атап айтқанда, Риддер қаласында тау-шаңғы курортын салу, Қанас көлі (ҚХР) мен Марқакөл арасында трансшекаралық маршрут ашу жобалары жоспарда тұр. Ерболат Досаев Шығыс Қазақстанның ауылдық туризмді дамыту саласындағы тәжірибесі Алматы үшін қызықты ұсыныс екенін атап өтті. Ал жергілікті тарап инвесторлармен ынтымақтастыққа қашан да дайын екнені жеткізді.
Сонымен қатар кездесуде бірлескен туристік маршруттар құру мүмкіндігі талқыланды. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласындағы туристік компаниялардың өкілдерін кездестіру жоспарда бар.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін «Алматы» ӘКК және «Ертіс» ӘКК бір-біріне сауда желілеріне және Алматының азық-түлік нарықтарына өнім жеткізуге келісімшарттар жасасу бойынша жәрдем көрсетпек.
Кездесу соңында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Фото: Нелли Петенева