KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

Білектілер мен жүректілер доданың көрігін қыздырды

Аяужан Утеулинова

23.08.2024, 11:04 177 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде XXII халықтық спорты ойындарының салтанатты ашылуы өтті. Ауқымды іс-шара еліміздегі Спорт күніне орайластырылды.

Екі мыңнан астам спортшы қатысып жатыр

Осылайша бес жылдық үзілістен кейін облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынатын халықтық спорт ойындарын өткізу дәстүрі қайта жанданды. Бұл идеяның авторы – облыс әкімі Ермек Көшербаев. Жарыс басталмай тұрып ұйымдастырушылар біраз жылғы үзілістен кейін қайта жанданған жарыстың ауқымы бұрынғыдан бір мысқал да кем болмайтынын айтып сендірген. Биылғы ойындарға облыстың барлық аудан-қаласынан екі мыңнан астам спортшы қатысып жатқаны бұл сөзімізге дәлел. Ал ұйымдастыру жұмыстарының өзіне ғана 500-ден аса адам жұмылдырылған. Осының өзі бұл дүбірлі спорт бәсекесіне қаншалықты зор көңіл бөлініп, ерекше мән беріліп отырғанын көрсетсе керек.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің әдіскері Серік Тюстюбаевтың айтуынша, биыл 22-ші рет ұйымдастырылған жарыстың бұрынғылардан бір ерекшелігі бұл жолғы ойындар бірден екі қалада – Өскемен мен Зайсанда өтіп жатыр.

Биылғы жарысқа қатысушылар спорттың 22 түрінен сынға түсіп, кіл мықтыны анықтауда. Олардың арасында жеңіл атлетика, жазғы президенттік көпсайыс, қазақ күресі, үстел теннисі, волейбол, гір спорты, футбол, армрестлинг, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату, садақ ату, арқан тартыс, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге сияқты спорт түрлері бар.

Бір атап өтерлігі, жорға жарыс (7,5 шақырым), Аламан бәйге (25 шақырым), Топ бәйге (15 шақырым), Құнан бәйге (7,5 шақырым) сынды ат спорты мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар Зайсан қаласында ұйымдастырылды.

Шетелдік туристерге таңдай қақтырды

Биылғы халықтық спорт ойындары 13 тамыз күні Зайсан ауданында басталған болатын. Шырайлы Зайсан жерінде қазақтың ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын дәстүрлі ат спорты түрлері бойынша жарыстар өтіп, алыс-жақыннан келген жанкүйердің делебесін қоздырды. Бір аптаға жуық уақыт бойы облыстың барлық ауданы мен қаласынан келген спортшылар көкпар, аударыспақ, теңге ілу, бәйге және жорға жарыс сияқты спорт түрлерінде өз шеберліктерін паш етті.

– Қазір бұқаралық спортқа, әсіресе ұлттық ат спортына көп көңіл бөлінуде. Біз Зайсан ауданының ұйымдастырушылары мен әкімдігіне үлкен ипподром ұсынғаны үшін ризамыз. Бұл аймақтағы ең ірі ипподром болып саналады. Жалпы, сайыс жоғары деңгейде өтуде, – деді ХХІІ халықтық спорт ойындарының бас хатшысы Әділ Әбдіғалиев.

Айтса айтқандай, бұл жолғы жарыстың қай-қайсы да шиеленісті әрі қызықты болды. Оны бәсекелерді тамашалауға келген спортсүйер қауым да, жарысқа қатысушылар да атап айтты.

– Біздің командада 16 спортшы бар. Кез келген спортшының мақсаты – топ жару, чемпион атану. Әрине, болашақта халықаралық турнирлерге де қатысқымыз келеді, – деді Риддерден келген команда капитаны Еркебұлан Төлеуханов.

Біле білгенге, бұл жарыстар – жай ғана ойын емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұра. Осыны ескерген ұйымдастырушылар бұл жолғы халықтық спорт ойындарының жоғары деңгейде әрі барынша әділ өтуіне көп көңіл бөліпті.

– Біз бұл ойындарды өз аймағымызда қабылдап отырғанымызға өте қуаныштымыз. Жарыстың Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұйымдастырылуында да символикалық мән бар. Осы арқылы біз ұлттық спорт түрлерін насихаттап, қалың бұқараның оған деген қызығушылығын оятамыз, дейді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов.

Осылайша, Зайсан қаласы бірнеше күнге күллі Шығыс өңірінің спорттық орталығына айналады. Қала тұрғындары мен қонақтары кереметтей жарыстарға куә болды. Мәселен, жұрт сүйсіне тамашалаған аударыспақ бәсекесі тоғыз салмақ дәрежесі бойынша өтті. Тартысқа толы жекпе-жектерден кейін қорытынды шығарылып, кіл мықтының ішінен үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Оларға грамоталар мен медальдар табысталды. Аударыспақтан командалық есепте Ұлан ауданының құрамасы топ жарды. Ал екінші және үшінші орындарға Тарбағатай мен Күршім аудандарының аударыспақшылары жайғасты.

Апайтөс аударыспақшылар айқасы аяқталғаннан кейін көрермендер назары бәйгеге ауды. Теңге ілу бойынша жарыстар да қызықты болды.

– Теңге ілумен 2015 жылдан бері айналысамын, республикалық жарыстарда өнер көрсетіп келемін. Бүгін екінші орын алдым. Осындай керемет спорт мерекесін қайта жаңғыртқан облыс басшылығына, жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқан Зайсан ауданының әкімдігі мен жауапты сала өкілдеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. – дейді өскемендік спортшы Сіләмбек Қабиев.

Спорттық іс-шара шетелдік қонақтардың да назарын аударды. Көрермендер арасынан қазақ жерін автокөлікпен аралап жүрген аустриялық екі туристі кездестірдік. Төл спортымызға тамсана да таңдана көз тіккен олар көргенін суретке түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларына салыпты.

– Біз көп елді араладық. Алайда Қазақстан ерекше ұнады. Зайсанда қазақтың ұлттық спортынан жарыстар өтіп жатқанын біліп, арнайы келдік, өте қуаныштымыз, – дейді аустриялық турист Юрген Файтль.

Халықтың 42 пайызы спортқа ден қойған

Биылғы халықтық ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 тамызда, яғни Спорт күніне орай Өскеменнің О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде болды.

Ашылу рәсіміндегі дәстүрлі шеруді спорт ардагерлері бастады, одан соң манеждегі орталық алаңға аудан-қалалардан келген командалар беттеді. Шеру соңын шығысқазақстандық олимпиадашылар түйіндеді. Олардың қатарында дәл сол күні Өскеменге оралған семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая және құрамадағы ең жас спортшымыз, таеквондошы Батырхан Төлеуғали де болды.

– Құрметті спортшылар, жанкүйерлер! Қадірменді спортсүйер қауым! Сіздерді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін өтетін және Спорт күніне орайластырылған кезекті халықтық спорт ойындарының ашылуымен құттықтаймын! Байырғы заманнан біздің ата-бабаларымыз бірінші байлық денсаулық деп, денсаулыққа көп көңіл бөлген. Ал спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым спортқа айрықша көңіл бөліп, Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмысты қадағалап отырады. Бұл ретте біздің облыста да спортқа қатысты ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын айтқым келеді. Бүгінде өңірімізде спортпен 305 мыңнан астам адам шұғылданады. Бұл – халықтың 42 пайызы. Жыл сайын жаңа спорт нысандары салынып жатыр. Жақында өткен Париж Олимпиадасына тоғыз спортшымыз қатысты. Бұл – зор жетістік. Олимпиаданың басты мақсаты – жеңу емес, қатысу. Біз әрдайым батырларымызға бас иіп, жеңістен-жеңіске жете беріңіздер демекпіз, – деді жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов.

Бірнеше жылдық үзілістен соң қайта жанданған бұл ойындардың негізгі мақсаты – Шығыста көкпар, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты төл спортымызбен қатар жеңіл атлетика, футбол, волейбол, гір көтеру сынды спорт түрлерін де насихаттап, дамыту, бұқаралық сипат алуына ықпал ету. Биылғы халықтық спорт ойындарында барлығы 144 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатқанын айта кету керек.

Даңқты жеңіл атлетке көлік мінгізді

Салтанатты жиын Спорт күнімен тұспа-тұс келгендіктен Шығыстың намысын абыроймен қорғап жүрген бірқатар спортшының еңбегі еленді.

Атап айтсақ, спорт саласының ардагерлері мен белгілі спортшылар, олардың жаттықтырушылары туризм және спорт министрінің, сондай-ақ облыс әкімінің атынан мемлекеттік наградалармен, алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Олардың ішінде дәстүрлі садақ атудан бапкер Ажар Төлеуқанова, еркін күрестен жаттықтырушы-оқытушы Асқар Ерболұлы, фристайлдан жаттықтырушы-оқытушы Сергей Аксенов пен Виталий Горлачев, армрестлингтен жаттықтырушы-оқытушы Ерлан Уәлиев, шайбалы хоккейден жаттықтырушы-оқытушы, Андрей Мазняк сынды мамандар бар.

«Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен кикбоксингтен жаттықтырушы-оқытушы Ержан Шегенов пен Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрсұлтан Хансеитов марапатталды.

Ал «Алма сервис» ЖШС-нің бас директоры Виктор Быстрянцев пен спорт ардагері Владимир Речицкий «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалін Париж Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен семсерлесуші Руслан Курбанов алды.

«Еңбек даңқы» төсбелгісімен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков пен бокстан жаттықтырушы-оқытушы Ерлан Шідербаев марапатталды.

Өскемендік «Торпедоның» шабуылшысы және шайбалы хоккейден ел құрамасының белді мүшесі Александр Шин Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасына ие болды. Бұл күні өзінің 70 жылдығын атап өткен спорт ардагері Виктор Набоков та ерекше қошеметке бөленді. Оған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да елеусіз қалмады. Даңқты жерлесімізге облыс спортын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс ретінде автокөлік табыс етілді.

Мен енді кәсіби спортшы болмасам да, спорттан алыстамаймын, жерлестерімді жан-жақты қолдауға даярмын. Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Саңлақтарымызға армандарына жеткізетін таудай талап пен мықты денсаулық тілеймін. Әрине, бұл да әрдайым нәтиже бермейді, бірақ аянбай еңбек етіп, қайрат танытқан жандардың түптің түбінде дегеніне жететіні анық, деді даңқты жеңіл атлет Ольга Рыпакова.

Бұл күні Париж олимпиадасының қатысушылары Руслан Курбановқа бес миллион, Вадим Шарлаимовке 2,5 миллион, Елизавета Матвеева, Надежда Дубовицкая мен Батырхан Төлеуғалиге бір миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Олардың бапкерлері де сияпаттан құр қалмады.

Айта кетейік, осымен 22-ші рет жалауын желбіреткен халықтық спорты ойындары 23 тамызда мәресіне жетеді. Тағы бір атап өтер жайт, биылғы ойындарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар республикалық деңгейдегі спартакиадаға қатысуға мүмкіндік алмақ.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив