KZ
Өскемен
-14°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Шығыста халықтық спорт ойындары қайта жанданды

19.08.2024, 17:31 150 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде XXII халықтық спорт ойындарының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара еліміздегі Спорт күніне орайластырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда бес жылдық үзілістен кейін облыс әкімінің жүлделері сарапқа салынатын халықтық спорт ойындарын өткізу дәстүрі қайта жанданып отыр. Халықтық ойындарды жандандыру идеясының авторы – облыс әкімі Ермек Көшербаев. Жарыс басталмай тұрып ұйымдастырушылар біраз жылғы үзілістен кейін қайта өткізілетін жарыстың ауқымы бұрынғыдан еш кем болмайтынын айтып сендірген болатын. Биылғы ойындарға облыстың барлық аудан-қаласынан екі мыңнан астам спортшы қатысуда. Ұйымдастыру жұмыстарының өзіне ғана 500-ден аса адам жұмылдырылған. Осының өзі спорттық іс-шараға қаншалықты зор мән беріліп отырғанын аңғартса керек.

Ойындардың салтанатты ашылуы барысында спорт саласының ардагерлері, сондай-ақ аймақтың белгілі спортшылары мен олардың жаттықтырушылары Туризм және спорт министрінің, сондай-ақ облыс әкімінің атынан мемлекеттік наградалармен, алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Олардың ішінде Ажар Төлеуқанова (дәстүрлі садақ атудан жаттықтырушы), Асқар Ерболұлы (еркін күрестен жаттықтырушы-оқытушы), Сергей Аксенов (фристайлдан жаттықтырушы-оқытушы), Виталий Горлачев (фристайлдан жаттықтырушы-оқытушы) Ерлан Уәлиев (армрестлингтен жаттықтырушы-оқытушы), Андрей Мазняк (шайбалы хоккейден жаттықтырушы-оқытушы) сынды мамандар бар. «Құрметті спорт қызметкері» атағымен әрі төсбелгісімен кикбоксингтен жаттықтырушы-оқытушы Ержан Шегенов пен Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрсұлтан Хансеитов марапатталды.

Ал «Алма сервис» ЖШС Бас директоры Виктор Быстрянцев пен спорт ардагері Владимир Речицкий «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. «Ерен еңбегі үшін» медалін Париж Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен семсерлесуші Руслан Курбанов алды.

«Еңбек даңқы» төсбелгісімен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, сондай-ақ бокстан жаттықтырушы-оқытушы Ерлан Шідербаев марапатталды.

Өскемендік «Торпедоның» шабуылшысы және шайбалы хоккейден ел құрамасының белді мүшесі Александр Шин Туризм және спорт министрінің Құрмет грамотасына ие болды. Бұл күні өзінің 70 жылдығын атап өткен спорт ардагері Виктор Набоков та ерекше қошеметке бөленді. Оған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Сонымен қатар, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да елеусіз қалмады. Даңқты жерлесімізге облыс спортын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс ретінде автокөлік табыс етілді.

– Мен енді кәсіби спортшы болмасам да, спорттан алыстамаймын, жерлестерімді жан-жақты қолдауға даярмын. Барлық жиналғанды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Саңлақтарымызға армандарына жеткізетін таудай талап пен мықты денсаулық тілеймін. Әрине, бұл да әрдайым нәтиже бермейді, бірақ аянай еңбек етіп, қажымас қайрат танытқан жандардың түптің түбінде дегеніне жетері анық, – деді Ольга Рыпакова.

Айта кетейік, биылғы ойындарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар республикалық деңгейдегі Спартакиадаға қатысуға мүмкіндік алмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу