Катонқарағайда жолдар қарқынды жөнеліп жатыр
instagram/katonkaragay_audany
Катонқарағай ауданында облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша бірқатар ірі жобалар атқарылуда.
Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан жобалар аясында ауылдарды ауданмен байланыстыратын бірқатар жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жол жылы аясында облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге арналған бюджет екі есеге ұлғайту жоспарланған. Осыған байланысты бүгінгі таңда көшелер мен жолдарды орташа жөндеу жобаларына ведомстволық сараптама алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Катонқарағай өңіріндегі жол жайын аудан әкімінің міндетін атқарушы Расул Қарабалинов баспасөз мәслихаты барысында баян етті.
Аршаты ауылының кіреберісіндегі автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттама әзірленіп, ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ауылдың кіреберісіндегі жолды жөндеуге 157,0 млн. теңге бөлінген.
Сондай-ақ Аққайнар ауылындағы Абай көшесіне, Шыңғыстай ауылындағы Баекин, Алтай көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғаны айтылды. Бұл жұмыстарға 215,0 млн теңге бөлінген.
Сонымен қатар, Жаңа – Үлгі – Жамбыл – Берел автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асырудың басталуына 2022 жылы облыстық бюджеттен 358 307,6 мың теңге бөлініп, 0-12 км автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Енді өндеу жұмыстарын аяқтау үшін 226 018,8 мың теңге жоспарланған.
Қызырбек Дүргінбайұлы