Туризмнің төріне айналған Катонқарағай
Әлемде дамыған елдердің көбісі туризмге ерекше мән береді. Өйткені, бұл сала – мемлекет үшін табыс көзі. Еліміз алыс-жақын шет елдерден келген туристерді таңдай қақтыратын табиғатқа да, тарихи нысандарға бай екеніне талас жоқ. Алайда қызмет көрсету сапасының төмендігі, жол мәселелері осы уақытқа дейін туризмнің дамуын кешеуілдетіп келгені де жасырын емес.
Тек соңғы жылдары шағын, орта және ірі кәсіпкерлікке көңіл бөлініп, туризмнің тетігін қалыптастырып келе жатқандаймыз. Қазақстанда жергілікті мәдениетке деген қызығушылықтың артуы және туризмнің дамуы жаңа деңгейге едәуір көтерілді. Оған Шығыстағы Катонқарағай ауданы дәлел.
Катонқарағайға туристердің қызығушылығы ерекше
Шығыс Қазақстан облысы – ғажайып табиғатымен таң қалдыратын әдемі облыстардың бірі. Онда табиғи ландшафтық зоналар өте көп және өңір өзінің радон суларымен атақты. Дегенмен, мұндағы шетелдік және отандық туристердің осы Катонқарағай ауданына деген қызығушылығы ерекше. Төр Алтайды туризмнің төріне айналдыру мақсатында бірнеше жылдан бері ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
Катонқарағай ауданының көрсе көз тартар тұмса табиғаты, алыстан менмұндалайтын таулары мен сылдырлап аққан өзен-сулары саяхатшыларды магнит секілді тартады. Содан да болар, қазір жергілікті тұрғындардың да бұл салаға қызығушылығы артып, аудандағы туризмнің дамуына ықпал етіп жатыр. Емдеу-сауықтыру орталықтары, мәдени-танымдық нысандар ашылып, халық игілігіне берілуде. Бүгінде ауданда сыйымдылығы 1373 төсек-орын болатын 54 орналастыру орны жұмыс істеп, қызметтерін ұсынып отыр.
Яғни ауданға келген туристер қонақ үйде немесе киіз үйде орналаса алады. Мәселен, Жаңа Үлгі, Топқайың, Қабырға ауылдарында киіз үйлер есігін айқара ашты. Қызметкерлер келушілерге ұлттық тағам, саумал, қымыздан дәм татқызады. Ондағы мақсат – әр келушіге қазақстандық табиғаттың, жергілікті тұрмыстың этникалық атмосферасын сезіндіру.
Мұнда сумен жабдықтау жүргізіліп, монша да салынған. Жергілікті көрікті жерлерге атпен серуендеуге, «Берел қорғандары» мұражайына баруға болады және т.б. түрлі қызметтер бар.
Сондай-ақ аудан әкімдігі биыл негізгі капиталға инвестиция тарту мақсатында туризмді дамыту саласы бойынша үш ірі жобаны жүзеге асырмақ.
Ірі халықаралық қонақ үй операторы саналатын TOR’RE компаниясы Катонқарағай ауылында 120 нөмірлі «Wellness Resort» санаторий-сауықтыру кешенін салмақ. «QZ Property» жеке компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, жоба 2026 жылға дейін жүзеге асырылатыны белгілі болды.
Демалыс базасының құрылысын 2025 жылға дейін аяқтау және 20-ға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Ветеринариялық зертхана ғимараты жөнделеді
Катонқарағай ауданы халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын іске асыруда алдыңғы қатарға шықты. Мұнда өткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша 355,4 млн теңгеге 46 жоба қаржыландырылса, биыл 448,1 млн теңгені құрайтын 43 жоба анықталған.
2024 жылғы егіс алқаптарының құрылымы 2229 гектарды құрады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды ұлғайту мақсатында дәнді дақылдар 1150 гектарға, майлы дақылдар 60 гектар жерге салынды. Жоспарланған көктемгі егіс көлемін жүргізу үшін 123 тонна дәнді дақылдар тұқымы алынды. Сонымен қатар биылдан бастап Катонқарағай ауылындағы ветеринариялық зертхана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Ел болам десең, жолыңды түзе
Ауданда жол-көлік инфрақұрылымы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр екен.
Согорное-Барлық-Ақсу автожолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Белқарағай ауылының кіреберісіндегі автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттама әзірленіп, ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Жобаның құны – 157 296,894 мың теңге.
Аршаты және Өрнек ауылдарының кіреберісіндегі автокөлік жолдарын орташа жөндеуге сметалық құжаттама әзірленіп, ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аршаты ауылының кіреберісіндегі жолды жөндеуге 157,0 млн теңге бөлінді.
Инфрақұрылым игілігі – халыққа
Ауданда инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» бағдарламасы шеңберінде Катонқарағай, Топқайың ауылдарында су құбыры желілері мен құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары басталған.
Жылумен қамтамасыз ету жүйесі бойынша Катонқарағай ауылында жалпы құны 2,2 млрд теңгеге орталық қазандық пен жылу желілерін қайта құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
2023 жылы абаттандыру бойынша («Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде) Белқарағай (34,0 млн теңге), Жамбыл (14,5 млн теңге) және Жаңа Үлгі ауылдарында (15,0 млн теңге) көше жарығын орнату жұмыстары аяқталды.
2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Катонқарағай ауылының көше жарықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 56 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқан көрінеді.