Өскеменде алғаш рет кітап фестивалі өтеді
pixabay.com
Фестиваль 21 қыркүйек күні облыс орталығындағы арбатта өтпек.
Бұл күні түрлі кітаптардың тұсаукесері, белгілі жазушылармен кездесулер, әдеби дефиле болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фестивальдің басты идеясы – кітап оқу мәдениетін дамыту. Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының ауқымды бастамасын қаланың мәдениет мекемелері: кітапханалар, мұражайлар, театрлар, сондай-ақ кітап сату ұйымдары, білім беру мекемелері, жергілікті ақын-жазушылар қолдап отыр.
Арбаттағы Кітап фестивалінің тақырыптық локациялары барлық жастағы келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Кітап әуесқойлары мен кітапқұмарлар үшін – мазмұны мен формасы алуан түрлі кітап көрмелері мен инсталляциялар ұсынылады: Абай атындағы облыстық кітапхана қорынан "Кітаптар сөйледі" сирек басылымдар көрмесі (Семей қ.), облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорларынан жерлес жазушылардың жеке заттарының көрмесі, жерлес жазушылар шығармаларының QR-көрмесі, жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылған "Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары" балалар суреттерінің интерактивті көрмесі және т.б.
Сондай-ақ, кітап сату локациясы баспа индустриясының жаңалықтары мен қазіргі аймақтық әдебиеттің даму тенденцияларына қызығушылық танытатындар үшін "Медиа-Альянс", "Восток-Печать", "Шығыс ақпарат" баспалары, "Арго" полиграфиялық компаниясы, "Қасым Қайсенов", "Бестселлер", "VITA", "MARWIN-Меломан" кітап дүкендері мен "Звено Алтая" әдеби бірлестігінің мүшелері, "Tŏr Altai", "Алтай Изумрудный", "Кедр" әдеби журналдарының редакциялық алқалары өз өнімдерін келушілер назарына ұсынбақ.
"Балалық кеңістігі" локациясында жас оқырмандарды әдеби ойындар, байқаулар, квестер, викториналар мен көптеген тосынсыйлар күтеді. Мереке барысында келушілер авторлармен әңгімелесіп, олардың қолтаңбасы мен кеңесін алып, жылы лебізін тыңдап, бірге фотосуретке түсу мүмкіндігіне ие болады. Бірегей Open Air салтанаты көңілді еркін микрофонмен аяқталмақ.