«Еңбек күніне» орай Шығыс Қазақстан облысының өндірістік, әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген нағыз еңбек адамдары марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәстүрлі түрде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда «Еңбек күні» аталып өтеді. Шығыс Қазақстанда “Еңбек күні” облыстық филормонияда еңбек адамдары марапатталып, мерекелік концерт ұйымдастырылды.
- Біз өзіміздің қасымызда жүрген әріптестерімізді, еңбек адамдарын бүгінгі мерекелерімен құттықтаймыз! Бұл мейрам арқылы өскелең ұрпаққа еңбектің маңыздылығын, еңбексіз ешнәрсе болмайтынын, жарқын болашақ үшін еңбек ету керектігін, еңбек адамының, еңбек мамандығының маңыздылығын жеткізе білуіміз керек. Сонда ғана еліміздің болашағы жарқын болмақ, - деді ШҚО әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.
Мерекелік шара барысында 16 шығысқазақстандық облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
- Мен 20 жыл бойы «Адал» автобекетінің диспетчері болып қызмет етіп келемін. Осы жылдар көлемінде көптеген адамдармен жұмыс істедік. Жолаушылардың сапарларын жеңілдету үшін талмай еңбек еттік. Еңбегімнің осылай бағаланып жатқаны мені үшін үлкен мәртебе, - деді марапат иесі Әлия Несіпбаева.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Құрмет» грамотасына «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің қорғасын зауыты цехының балқытушысы Жеңіс Досанов та ие болды. Ол 24 жыл көлемінде өңірдегі алпауыт металлургия кешенінде қызмет етіп келеді.
- Әр жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Өз мамандығыңды дұрыстап игерсең, ауырлығын байқамай кетуге болады. Балқытушы деген білек күші бар нағыз жігіттер істейтін мамандық. Менің қажырлы еңбегімді елеп, ескеріп, мені осындай марапатқа ұсынған ұжымыма алғысым шексіз. Сонымен қатар, менің еңбегімді лайықты бағалап, марапаттап отырған облыс басшылығына да ризашылығымды білдіремін, - деді Жеңіс Досанов.
Заман қарыштап дамыса да, күн сайын адам өмірін жеңілдететін технологиялар пайда болып жатса да, қарапайым адамның қолымен жасалған қажырлы еңбек қашанда өзінің лайықты бағасын алып, беделі асқақтай бермек.