Келер жылы ШҚО тұрғындары ауыз сумен толық қамтылады
Фото: depositphotos.com
2025 жылы облыстағы барлық елді мекендер мен тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Ол үшін 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірдегі су жүйелерін кешенді жаңғырту жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы халықты жүз пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов жалпы сомасы 20,2 млрд теңге болатын 16 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтты.
Маңызды жобалардың қатарында Өскемендегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және Күршімдегі Барақ Батыр ауылында, Бутаково, Путинцево елді мекендерінде жаңа желілер салу көзделген. 2024 жылдың соңына қарай облыс тұрғындарының 99%-дан астамы, соның ішінде ауыл халқының 98,5%-ы таза суға қол жеткізе алады деп күтілуде.
2025 жылы төрт мыңнан астам адамды таза сумен қамтамасыз ететін тағы тоғыз жобаны аяқтау жоспарланған. Өскемен мен Шемонаихада маңызды реконструкциялар аяқталады, Үлкен Нарын және Катонқарағай елді мекендерінде екі реконтрукциялау жобасы жүзеге асырылуда, Ұлан ауданындағы Отрадное және Асубұлақ ауылдарында сумен жабдықтаудың жаңа жүйелерінің құрылысы басталады. Сондай-ақ Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы сумен жабдықтау желілерін қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлеуде.
Осы шаралардың арқасында 2025 жылға қарай Шығыс Қазақстанның барлық елді мекендері сапалы ауыз сумен қамтылады, бұл аймақ тұрғындарының өмір сапасын едәуір жақсартады.