Өскеменде таңғы уақыттан бастап сайлау учаскелерінде белсенділік байқалады
Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум ресми түрде басталды. Өскемен қаласындағы Көкжал Барақ көшесі, 8/2 мекенжайында орналасқан №95 сайлау учаскесінде таң атқаннан бастап дауыс берушілердің көптігі байқалуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Мен әділетті Қазақстан үшін дауыс бердім. Еліміз гүлдене берсін. Барлығымызға Алла денсаулық берсін, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Гинаят Богубаев.
№95 сайлау учаскесінің төрағасы Жалын Қанатбеков адамдардың сайлау учаскесіне ерте келіп, көңіл-күйлері жақсы екенін атап өтті.
– Біздің учаскеде таңғы 7:00-ден бастап дауыс беру жүріп жатыр. Алғашқы 15 минутта 12 адам дауыс беріп үлгерді. Жалпы учаскеде шамамен 2 мыңға жуық адам дауыс беруі керек, алайда біз кем дегенде 1500 адамның дауыс беретініне үміттенеміз, – деді Жалын Қанатбеков.
Айта кетейік, бүгін Шығыс Қазақстан облысында 538 сайлау учаскесі жұмысын бастады.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Оқи отырыңыз