Республика бойынша 8 023 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды
![](/kz/engine/skins/images/noimage.jpg)
Республика бойынша 8 023 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 8-бабы 1-тармағына сәйкес презиент сайлауы жергілікті уақыт бойынша сағат 07-00-де басталады. Дауыс беру күнінде сайлау комиссиялары дауыс беру басталмастан 1 сағат бұрын учаскелерді ашуға кірісті. Сайлау комиссияларының төрағалары дауыс беру басталмастан 30 минут бұрын комиссия мүшелерінің қатысуымен дауыс беру жәшіктерінде бюллетендердің бар-жоғын, бүтіндігін тексереді және жәшіктерді дауыс беру үшін пломбалап, мөрлейді", - деді ол.
Оның атап өтуінше, сонымен қатар сайлау учаскелерінің төрағалары бюллетендерді берумен айналысатын комиссия мүшелерін айқындайды.
"Келіп түскен ақпараттарға сәйкес Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07-00-де 8 023 учаскеде дауыс беру басталды. Дауыс беруге кіріскен учаскелердің ішінде 48 сайлау учаскесі сәйкесінше аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен дауыс беруге сағат 06-00-ден бастап кірісті. Аталған учаскелерді сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың саны 9 627 073 адам", - деді К.Петров.
Төраға орынбасарының айтуынша, басқа сағат белдеуінде жатқан 5 өңірде дауыс беру Нұр-Сұлтан уақытынан бір сағат кейін басталады. Олар: Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары.