Зайсан ауданында дауыс беру учаскесін шатастырып алған тұрғын негізсіз наразылық білдірген
Референдум күні Зайсан ауданында АЭС құрылысы бойынша қызықты оқиға болды. Жергілікті тұрғындардың бірі өзінің азаматтық борышын өтеуге ниет білдіріп, дауыс беру учаскесіне келген, алайда өзінің тізімінде жоқ екенін анықтап, байыбына бармай жатып түсінбеушілікпен наразылық білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Учаске қызметкерлері оған мекенжайды шатастырып, дауыс беруге тиісті учаскеге келмегенін жедел түсіндіріп берді.
№595 дауыс беру учаскесі комиссиясының төрайымы Гүлжанат Аманбаеваның айтуынша, ер адам Қайнар кентіндегі тұрғылықты жері бойынша №609 учаскесінде тіркелген. Бірақ ол кез келген жерде дауыс бере аламын деген оймен, Зайсан қаласындағы 595-ші учаскеге келген екен.
Аудан тұрғынына оның қателігін көрсетіп, дұрыс учаске қайда екенін түсіндіргеннен кейін, ол өз таңдауын жасау үшін тиісті мекенжайға барды. Туындаған түсініспеушілікке қарамастан, дауыс беруші өз міндетін орындап, дауыс беруге қатысты.
Комиссия өкілі тұрғындарға өз учаскесі туралы ақпаратты мұқият бақылап, түсініспеушіліктерді болдырмау үшін дауыс беру алдындағы мәліметтерді тексерудің маңыздылығын еске салды.