IT: ШҚО делегациясы Қытайдағы халықаралық семинарға қатысып жатыр
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Қарамай қаласына келді. Негізгі мақсат – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында ұйымдастырылатын IT-технологияларды дамыту халықаралық семинарына қатысу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Делегация құрамында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың оқытушылары, облыстық білім басқармасына қарасты Өскемен қаласында, Зайсан, Марқакөл, Үлкен Нарын аудандарында орналасқан коллеждердің директорлары бар.
Делегация мүшелері, әсіресе колледж басшылығы Қытаймен байланыс орнатып, стратегиялық серіктестікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер іздейді. Қарамайдағы алдыңғы қатарлы технологиялармен танысып, оларды өз салаларына енгізу мүмкіндіктерін қарастырады. Әсіресе, Қазақстан мен Қытай арасында цифрлық экономиканы жандандыру, инвестиция тарту және ортақ жобалар құру мәселелері маңызды.
Семинарға Ресей, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келген делегаттар да қатысуда.
Уақыт өткен сайын цифрлық технологиялардың интеграциясы экономиканың түрлі саласына терең еніп, қоғамның барлық аспектілеріне оң өзгеріс әкелуде. Осылайша, делегаттар Қытай тәжірибесін игере отырып, еліміздегі цифрландыруды жетілдіру тұрғысында ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға атсалысады.