ШҚО-да қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады деп күтілуде
Фото: depositphotos.com
«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметінше, 23 қазанда түнде облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында, күндіз шығысында жаңбыр, қар жауады деп күтілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Түнде облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында көктайғақ болуы ықтимал. Түнде және таңертең облыстың шығысында тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде желдің екпіні 15-20 м/с.
«Жүргізушілер жолға шықпас бұрын жүксалғышта сүйреткіш арқан, ескерту үшбұрышы, жанармай қоры, күрек, фонарь, алғашқы медициналық көмек көрсету қобдишасы, жылы киім, азық-түлік бар-жоғын тексеруі қажет. Көлігіңіз жабдықталмаған болса, елді мекендерден тыс сапарға шықпағаныңыз жөн. Төтенше жағдай орын алған жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалып, құтқарушыларды шақыру үшін әрқашан өзіңізбен бірге ұялы телефон мен зарядтағышты алып жүру керек», - деп кеңес береді ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті.
Ауа-райы мен жол жағдайын Darmen мобильді қосымшасынан білуге болады.