ШҚО-да атаулы әлеуметтік аз қамтылғандар саны азайды
turantimes.kz
Шығыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3317 адамға азайды. Бұл осынша адамның әлеуметтік-экномикалық жағдайының түзелгенінің көрсеткіші. Облыстық әкімдікте өтіп жатқан жиын барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова осылай деді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылған атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың үлес салмағы 75,4 пайызды құрайды. Бұл индикатор Өскемен қаласында 12,5, Күршім ауданында 6,7, Шемонаиха ауданында 6,5, Ұлан ауданында 5,6, Глубокое ауданында 1,3, Зайсан ауданында 0,7, Тарбағатай ауданында 0,3 пайыз орындалмаған.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласы, Глубокое, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарының әкімдеріне еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарды ағымдағы жылдың 1-ші желтоқсанына дейін жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында Нұрымбет Сақтағанов атаулы әлеуметтік көмектің басым бөлігі Алтай ауданына, ал ең төменгі мөлшерде Глубокое ауданына бөлінгенін атап өтіп, осы жағдайды қарастыруды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусиноваға жүктеді.
Ажар Сағатбекова