ШҚО вегетация маусымының қорытындылары: Су шаруашылығы мен өнімділікке талдау
Шығыс Қазақстан облысындағы вегетация маусымы сәтті аяқталып, мол өнім жиналды. Өңірлік коммуникациялар орталығында «Қазсушар» РМК ШҚО филиалының директоры Нұржан Әміржановтың айтуынша, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының суару жүйелері арқылы Зайсан, Күршім, Марқакөл және Тарбағатай аудандарындағы шаруашылықтарға қажетті мөлшерде су беріліп, су тапшылығы мәселелері орын алған жоқ. Жалпы, филиал 9,2 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз еткенін айтты.
Спикердің сөзінше, 2022-2023 жылдары Қандысу су қоймасының бөгетіне көп факторлы тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы дайындалса, 2024 жылы Үйдене су қоймасы тексеруден өтті. Қазіргі уақытта Қандысу және Үйдене су қоймаларын қайта жаңғыртуға арналған құжаттар дайындалуда, ал 2025-2028 жылдары Кендірлік өзенінде жаңа су қоймасын салу жоспарлануда.
Оның айтуынша, каналдардағы су жеткізу қызметінің тарифтік бағдарламасы аясында биыл 9 арнайы техника сатып алынды. Сонымен қатар, Күршім ауданындағы бірқатар магистралды каналдарды қайта жаңғырту жобалары әзірленуде. Республикалық бюджет есебінен де жобалық құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Нұржан Әміржанов атап өткендей, биыл облыста жаңбырлатып суару қондырғыларын өндіретін «ERTIS BEREKE OSKEMEN» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Зайсан ауданында алғаш рет 470 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Су үнемдеу технологияларын ынталандыру мақсатында фермерлерге суды жеткізу қызметтеріне субсидия көлемі ұлғайтылды.
2024 жылы филиал су жеткізудің барлық шарттарын толықтай орындап, вегетация маусымының сәтті өтуін қамтамасыз етті.
Айна Ескенқызы