KZ
Өскемен
-9°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскеменде ерікті жастарды оқыту семинары өтті (видео)

13.11.2024, 17:00 100 Гульжан Мусина

Қазіргі уақытта еліміздегі еріктілер жұмысына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Қайырымды іс жасап, қоғамға пайдалы болуға ұмтылатындардың басым бөлігі – жастар. Осыған орай, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Ауыл» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен ерікті студенттерге арналған оқыту семинары өтті, деп хабарлайды  Altainews.kz  тілшісі.

Семинар жастарға ерікті болудың негіздерін үйретіп, қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған.

– Біз Ұлттық волонтерлік желімен меморандум жасастық. Соның негізінде жергілікті ерікті студенттердің бірлескен жұмысы басталды. Жалпы, еліміздің 20 өңірінде осындай еріктілерге арналған оқыту курсын ұйымдастыру жоспарда бар. Осы мақсатпен арнайы мамандарды тартып, шығыс өңірінің ерікті жастарын жүйелі түрде оқытуға кірістік, – дейді «Ауыл» партиясы Жастар қанатының төрағасы Жанар Тауешбаева.

Қоғамға пайдалы істерге белсенді араласып жүрген жастардың бірі – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың студенті Жамбыл Әлиев. Ол бұған дейін эковолонтер ретінде “Таза ойын” акциясына қатысып, екі мәрте чемпион атанғанын айтты. Оның пікірінше, қоғамдық маңызы бар істерге араласу – болашақ үшін маңызды тәжірибе. Сондай-ақ қайырымдылық шараларға қатысу азаматтық ұстанымын нығайтатынына сенімді.

Еріктілер – ешқандай ақысыз, қоғамға өз еркімен қызмет ететін адамдар, сондықтан бұл негізінен қоғамдық жұмыс. Ең бастысы, мейірімді жүрек пен таза ниет қажет.

– Қазір біздің альянста 60-қа жуық студент бар. Олардың қатарында тек біздің университет қана емес, Қазақстан-Американдық еркін университеті мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың да студенттері бар. Бұған дейін эковолонтерлікпен айналысып, ағаш отырғызу акцияларына қатыстық. Сонымен қатар, облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірге нашақорлыққа қарсы шараларда бой көрсетіп, рейдтерге де шықтық. Жалпы, осындай оқыту семинарлары еріктілер үшін өте маңызды, – дейді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті, ШҚО «Қазақстан студенттер альянсы» төрағасы Ляйля Төлеубекова.

«Ауыл» партиясы Жастар қанатының төрағасы Жанар Тауешбаеваның айтуынша, оқу бағдарламасын аяқтаған әрбір қатысушыға халықаралық үлгідегі сертификат табыстау қарастырылған. Бұл сертификат шетелдік оқу орындарына құжат тапсырған студенттерге қосымша қолдау болмақ.

Арайлым Нығметоллақызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу