Тарбағатайдағы Тұғыл ауылында жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға арнайы келген ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жаңа нысанның маңыздылығын, бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән беру қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кешеннің құрылысы 2023 жылы басталған болатын. Бүгінгі күні нысан құрылысын «AN Groups» ЖШС мердігер компаниясы мерзімінен бір ай бұрын аяқтап, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынып отыр.
Нұрымбет Аманұлы өз сөзінде аудан-ауылдың әр түкпірінде бұқаралық спортты дамыту арқылы халық денсаулығын жақсарту және жастарды салауатты өмір салтына баулу маңызды екенін атап өтті.
Жаңа кешен ауыл тұрғындарының сүйікті орындарының біріне айналады деп күтілуде. Мұнда әр жастағы азаматтар бадминтон, баскетбол, волейбол, теннис және армрестлинг, бокс, қазақ күресі секілді спорт түрлерімен айналыса алады. Кешеннің барлық спорт залдары заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Шығыс Қазақстан облысында спортты дамытуға айрықша ден қойылып келеді. Өткен жылы облыс бойынша 15 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген еді. Бұл көрсеткіш аймақтағы тұрғындар үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттырып, денсаулық пен белсенді өмір салтын дамытуға жағдай жасалып жатқандығының көрінісі.