KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 6 м/с, Ю
493.85 519.04 4.97

Нұрымбет Сақтағанов: «Өнім өндіру - экономиканың негізгі қозғалтқышы»

Бүгін, 11:00 21 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына жұмыс сапары аясында Айнабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол облыстың экономикалық жетістіктері мен Зайсан ауданының қазіргі жағдайына қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.  

Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданы облыстағы маңызды өңірлердің бірі болса да аудандағы экономикалық көрсеткіштер оның даму әлеуетіне сәйкес келмей отырғандығын айтты. Мәселен, аудан құрылыс жұмыстарының 7,9%-ын (19,1 млрд теңге), ауыл шаруашылығы өнімінің 6,2%-ын (18 млрд теңге), жеке инвестициялардың 5,4%-ын (17,7 млрд теңге) және тұрғын үйді пайдалануға берудің 3,1%-ын (6340 шаршы метр) қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, шағын бизнес кәсіпорындарының үлесі – 1,9% (170 кәсіпорын), бөлшек тауар айналымы – 1,3% (11,1 млрд теңге), ал өнеркәсіп – небәрі 0,3%-ды (5,3 млрд теңге) құрайды.  

- Бұл көрсеткіштер ауданның даму әлеуетін толық көрсетпейді. Мұндай жағдай жүйелі әрі үйлесімді жұмыстың болмауынан немесе жұмыс бағыттарын дұрыс түсінбеуден туындауы мүмкін. Қазіргі таңда біз осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, нақты іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз, – деді ол.  

2029 жылға дейінгі Зайсан ауданының даму жоспары аясында 46,9 млрд теңге бюджет қаражатын және 249,3 млрд теңге жеке инвестицияларды тарту көзделген. Мемлекеттік және жеке инвестициялардың ара қатынасы – 1/5,3, яғни әрбір мемлекеттік теңгеге 5,3 теңге жеке инвестиция тартылуы тиіс.  

- Біздің міндетіміз – Президенттің 2029 жылға қарай экономиканы екі есе өсіру тапсырмасын орындау. Бұл жыл сайын 6-7% өсімді қамтамасыз етуді талап етеді. Нәтижесінде бұл шаралар халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталады. Біз нақты сектордағы резервтер мен экономикалық өсім мүмкіндіктерін анықтау үшін тұрғындармен және кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп, кеңес өткізіп отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімнің бірінші орынбасары.  

Нақты сектордың маңыздылығына тоқталған Нұрымбет Аманұлы:

- Адам жер жыртып, егін ексе, ол да нақты сектордың бір бөлігі. Бұл жанармай шығыны, еңбек күші және уақытты қажет етеді. Ал нәтижесінде өнім өндіру – экономиканың негізгі қозғалтқышы - деді. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зайсан ауданы әкіміне облыстық басқармалармен бірлесе отырып, даму жоспарының сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл қадам ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу