Ұлан ауданының жәрмеңкесінде ет пен сүт өнімдері мол болды
Өскеменде әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналған. Бүгін Өскемендегі «Алтай» көтерме-тарату орталығының аумағында «Туған жер - алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Ұлан ауданының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудандардың мәдени күндеріне орай облыс орталығында апта сайын өтетін жәрмеңкеде көзі үйренген халықтың қарасы бүгін де мол болды. Жәрмеңкеге ауданның бірнеше ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатысып, ауылшаруашылығы өнімдерін халыққа ұсынды.
Жәрмеңкеде сиыр етінің бір келісі – 2400 теңге, жылқы еті – 2400 теңге, қой еті – 2100 теңге, бал - 2200 теңге, картоп – 100 теңге, сәбіз – 130 теңге, орамжапырақ – 95 теңге, пияз – 80 теңгеден сатылды.
Салыстыру үшін қаладағы орташа нарықтық бағаға тоқталсақ, сиыр етінің бір келісі – 2700 теңге, жылқы еті – 2600 теңге, қой еті – 2300 теңге, бал – 2500 теңге, картоп – 120 теңге, сәбіз – 150 теңге, орамжапырақ – 110 теңге, пияз – 90 теңге.
Ұлан ауданының жәрмеңкесін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов та көріп қайтты. Әр өңірдің өз өнімін тікелей саудалай алуы тұрғындарға да, өнім өндірушілерге тиімді мүмкіндік екенін алға тартқан бірінші орынбасар ауданның дайындығын түгел қарап шықты. Жалпы, әкімдіктегі басшылық құрамның бір де бір ауданның жәрмеңкесін жібермей, аймақ басшысынан бастап тікелей қатысуы іс-шара ұйымдастырушыларына жауапкершілікті еселетіп, халық үшін тиімді көрсеткіштермен өткізуге ықпал етіп жатқаны сөзсіз.
Ауылшаруашылығы жәрмеңкесі бағаны тұрақтандыруға жақсы септеседі. Қала тұрғындары бұл жерден қажет еткен өнімін әлдеқайда төмен бағамен сатып алады. Ет, сүт өнімдерімен қатар көкөніс түрлері де сөрелерде толы болды. Осылайша өңір шаруалары қала тұрғындарының қолжетімді бағамен қамдануына жағдай жасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ұлан ауданының шаруалары мен кәсіпкерлері жәрмеңкеге 5,4 тонна сиыр еті, 1,08 тонна қой еті, 4 тонна жылқы еті, 4,5 тонна бал, 1,5 тонна көкөніс жеткізді. Бұдан бөлек сүт өнімдері, қымыз, құс еті, күнбағыс майы, қарақұмық, бөдененің еті мен жұмыртқасы, Өскемен құс фабрикасының өнімдері, түшпара, лимонад, балық және дәстүрлі өнімдері де саудаланды.
Айта кетсек, кеше Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының бас сахнасында өткен гала-концертте Ұлан ауданының мәдениет майталмандары өскемендіктерді өнерімен тәнті еткен болатын.
Айжанат Бақытқызы