ШҚО-да мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң түсіндірілді (Видео)
Шығыс Қазақстан облысында Қаржы вице-министрінің қатысуымен 2025 жылы қолданысқа енетін жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды түсіндіруге арналған ашық диалог өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті дамытуға ықпал ететін маңызды құрал. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының бизнес өкілдерімен, мемлекеттік сектор және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, заңдағы негізгі өзгерістерді түсіндірді.
Қаржы вице-министрі Дәурен Маратұлы мемлекеттік сатып алудың тиімді жүйесінің барлық тараптарға – мемлекеттік секторға, бизнеске және азаматтарға пайдалы екенін атап өтті.
Кездесу барысында бизнес және мемлекеттік сектор өкілдері түйткілді мәселелерін көтеріп, бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде вице-министр бұл ұсыныстардың ескерілетінін және жаңа заңнамаға жыл соңына дейін енгізілетінін айтты.
Бұл өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік сатып алу жүйесін барынша ашық, әділ әрі тиімді ету, отандық өндірушілерді қолдау және жаңа технологияларды енгізу арқылы қоғамның барлық мүдделі тараптары үшін тиімділікті арттыру.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Ермек Жиенбеков