Алтай ауданының жастары жұмысшы мамандықтарын таңдайды
Арсений Мироненко Новая Бұқтырма ауылынан. Бар болғаны 21 жаста болса да, ол өмір жолын нық анықтаған. Әскерден оралып, болашақ мамандығын таңдаған жігіт қазір табысты еңбек етіп жүр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өздеріңізге мәлім, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын.
Алтай ауданының ішкі саясат қызметкерлерінің айтуынша, Арсений 2023 жылы әскерден оралған. Ол десанттық қызмет атқарған. Қазір Өскемен жоғары политехникалық колледжінде «жылу техникасы» мамандығы бойынша білім алуда. Оқуды жұмыспен қатар алып жүр.
2023 жылдың қазан айында Арсений Алтай ауданы әкімдігіне қарасты «Серебрянск және Новая Бұқтырма кенттерінің жылу-сумен қамтамасыз ету орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қазандығына машинист-оқушы болып жұмысқа қабылданды. 2023 жылдың желтоқсанында оған қазандық машинисі мамандығы бойынша 3-разряд, ал 2024 жылдың қыркүйегінде 4-разряд берілді.
Кәсіпорын өкілдері Арсенийдің еңбек еткен кезеңінде ешқандай тәртіптік немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерінің болмағанын атап өтті. Жас жігіт бос уақытында хоббиіне де көңіл бөледі – әскери қызмет туралы блог жүргізіп, оқырмандарымен әсерлерін бөлісуде.
Фото: Алтай ауданы әкімдігінен