KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 3 м/с, Ю
527.23 544.05 5.05

Балаға қатыгездік қайдан келді?

Фото: pexels.com

4.12.2024, 11:45 34 Гульжан Мусина

Бүгінгі таңда жастар арасындағы құқық бұзушылықтар мен буллингтің жиілеуі қоғам үшін қалыпты құбылысқа айналып бара жатқандай көрінеді. Өкінішке қарай, бұл үрдіс қауіпті әрі алаңдатарлық жағдай. Жасөспірімдердің бұзақылық жасап, заңға қайшы әрекеттерге баруы бір бөлек, ал мұндай жағдайларға қоғамның бейжай қарауы одан да қорқынышты құбылыс.

Осыған байланысты балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың артуына жол бермеу мәселесі басты назарда болуға тиіс. Бұл бүгінгі күннің маңызды әрі шешімін табуы қажет өзекті мәселесі екеніне ешкімнің таласы жоқ.

Ақ пен қараны айырып, жақсы мен жаманды үйрету әрбір ата-ананың бала алдындағы басты міндеті. Дегенмен күйбең тіршілік, бала-шағаның қамы деп азаннан қара кешке дейін жұмыста жүрген ата-аналар көп. Олардың басты арманы – баласының мұқтаждық көрмей өсуі. Ал енді бірі ішімдікке салынған әке мен жоқтықтан шаршаған ана. Оның баласына дұрыс тәрбие беруге мұршасы да жоқ. Тізе берсек, мысал көп. Бір сөзбен айтқанда, қазір ата-ананың балаға көңіл бөліп, қадағалауға уақыты жоқ. Ащы да болса, шындық.

Жасыратын несі бар, ақпараттық-технология дамыған мына заманда бәрі де қолжетімді. Бүгінде әр баланың қолында бір-бір ұялы телефон бар. Олар ғаламтор арқылы күнделікті әлеуметтік желілерден атыс-шабысты, түрлі қылмысты көріп отыр. Әрине, бұл бала психологиясына кері әсерін тигізері сөзсіз. Былтыр облыстың бас шаhарында қоғамдық резонанс тудырған жаға ұстатарлық жағдай болды. Ойын-сауық орталықтарының бірінде жасөспірім қыздар өз қатарластарын әжетханада қатыгездікпен соққыға жығып, видеоға түсірген. Кейіннен оқиғаға қатысы бар қыздардың барлығы мектеп қабырғасында және колледжде оқитыны анықталған еді. Қылмыстық іс қозғалып, біраз уақыттан кейін бойжеткендерге қатысты сот үкімі шыққан болатын.

Дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен елімізде 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі.

Біз мысал етіп отырған бұл деректер бергі жағы ғана. Әйтпесе жасөспірімдердің бұзақылығы, қатыгездегі, тіпті қылмысқа баруы қоғамда күн құрғатпай болып тұр. Сонда дейміз-ау, бұзақы, қатыгез, тәртіп бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, баланың жат әрекетке жақын болуына, қылмысқа баруына түрлі факторлар әсер етуі мүмкін.

– Қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан бала ата-анасының ішімдікке салынғанын немесе үйдегі жанжалды көріп өскендіктен кейін өзі де сондай әрекетке бейімделе бастайды. Біз көбінесе есепке алынған жайсыз отбасылармен, олардың балаларымен жұмыс істейміз. Жиі тексеру жүргіземіз. Тәжірибе көрсеткендей жайсыз отбасылардан шыққан балалар қоғамдық тәртіпті көп бұзады, - дейді полиция қызметкерлері.

Сондай-ақ кейбір ата-аналардың балаға дұрыс көңіл бөлмеуінен, оларды өз бетімен қалдырып, мектептен бос уақытта немен шұғылданып жүргенін қадағаламауынан да бала құқық бұзуға бейім болып өседі.

- Бала қандай отбасында тәрбиеленсе, болашақта бейсаналы түрде сондай өмірді таңдайды. Бейсанамыз – біздің балалық шағымыз. Мәселен, әке-шешесі ішімдікке салынған балаға ондай өмір қалыпты болып көрінуі мүмкін. Яғни, оның миына сондай «программа» жазылып қалады, - дейді психолог маман.

Осы орайда құқық қорғау қызметкерлері ата-аналардан баласының тәртібі мен тәрбиесіне жіті мән беріп, бос уақытында немен айналысатынын қатаң бақылауда ұстаса дейді. Баланың отбасымен қарым-қатынасы, ашық сөйлесуі мен тәрбиесі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың азаюына көп септігін тигізетінін айтады мамандар. Мұны ата-бабамыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бір ауыз сөзбен түйген.

– Баланың негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Одан кейін жасөспірімнің есейген шағында қоршаған ортасы да көп әсер ететінін ескеруіміз керек. Бала кіммен араласады, қандай ортада жүреді, қандай спорт түріне немесе үйірмелерге қатысады, оның бәрі баланың қоғамда қалыптасуына әсер етеді. Маман ретінде емес, адам ретінде қарайтын болсақ, отбасында ата-ана өз рөлін, бала өз рөлін дұрыс атқарған кезде келеңсіз жағдай болмайды. Әрине, кез келген ата-ана өз баласынан теріс айналмайтыны, қандай жағдайда да баласын жақтайтыны белгілі. Десе де өзіндік шекара болуы керек. Кей кездері бала заңсыз әрекетке барып жатса да ата-анасы көз жұма қарауы мүмкін. Одан кейін бала ата-анасына арқаланып заңсыз әрекетке бара бастайды, - деп түсіндірді қызметкерлер.

Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубта отыруға, ал 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Аталған ережелердің сақталуын ата-аналар мен ұстаздардан бөлек, жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдары да бақылауға міндетті. Құқық бұзушылықты азайтып, оның алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. «Түнгі қаладағы балалар», «Құқық», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары жиі өткізіліп тұрады. Одан бөлек, жасөспірімдер инспекторы көңіл көтеру орындарында рейд жүргізіп, ол жерлерде жасөспірімдердің болмауын анықтайды. Тәртіп сақшылары, сондай-ақ басқа да жауапты орындар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп отырса да жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.

– Біздің ең басты міндетіміз – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл тарапта мектептерде жиі дәрістер өткіземіз. Әсіресе, кәмелет жасқа толмағандарды қарайтын инспектор, криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері және есірткі бизнесіне қарсы бөлім қызметкерлері түрлі тақырыпта әңгіме жүргізеді. Мектептерде ата-аналармен кездесіп, ашық әңгіме өткіземіз. Бізде Өскемен қаласы әкімдігінің жанынан құрылған кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау бойынша комиссия жұмы істейді. Онда құқық бұзушылыққа барған, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы қаралады, - дейді ювеналдық полиция тобы.

Бұл орайда психологтар жас қылыққа жақын, мінез-құлқы өзгере бастаған жасөспірімдердің арнайы маманмен, мектеп психологымен жұмыс істегені дұрыс екенін айтады.

- Халқымызда «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар ғой. Отбасы, адамгершілік, адалдық құндылықтарын баланың бойына сәби кезден сіңіру керек. Әсіресе, 6 жасқа дейінгі өміріміз қалай өтеді, соған байланысты баланың болашағы қалыптасады. Ата-аналар күйбең тіршіліктің қамымен жүріп бала тәрбиесін уыстан шығарып алуы да мүмкін. Ондай жағдайда баланың психологпен жұмыс істегені абзал. Әрине, жасөспірімдермен жұмыс істеген ауыр, бірақ аз уақыт ішінде нәтиже шығаруға болады, - дейді психолог Гүлжанар Кәкімжанқызы.

Жасөспірімдер арасындағы тағы бір өзекті мәселе – буллинг, кибербуллинг. Ұстаздар қауымының айтуынша, агрессивті мінез-құлықтың бұл түрі жасөспірімдердің психикасын терең жарақаттауы, болашағына әсер етуі әбден мүмкін. Буллинг  – бұл  жаңа термин. «Bullying» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Кеңірек мағынада бұл бір адам (немесе топ) басқа бір физикалық және моральдық жағынан әлсіз адамға (немесе адамдар тобына) физикалық шабуыл жасаған, қорқытқан кездегі зорлық-зомбылықтың ерекше түрі. Осы бір жат әрекет бүкіл әлемде белең алып бара жатқандықтан біздің елде де бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген.

Мамандардың пікірінше, баланың буллингке ұшырағанын, кибербуллингтің құрбаны болғанын ең әуелі ата-анасы және ұстазы байқауы керек. Бала қандай да бір қиын жағдайға душар болып, ішінен тынып жүрсе оның мінез-құлқы өзгере бастайтын көрінеді. Бұл өзгерісті күнде көз алдында жүргендіктен әке-шешесі мен ұстаздар тез байқайды. Ал оған көмек көрсету үшін баламен ашық сөйлесу қажет. Әр бала ата-анасының махаббатына бөленіп, оларға сенген кезде ғана басында болған жағдайды айтып береді. Қазіре ата-аналардың көбі жауапкершілікті мектепке, ұстаздарға артады. Бұл дұрыс емес. Мектеп – білім беретін орын. Инспектордың міндеті – кәмелет жасқа толмаған балаларды бақылау. Ал, баланың үлкен өмірге аяқ басқаннан кейінгі жағдайы, болашағы ата-анасына тікелей байланысты.

Шығыс Қазақстан облысында ересектер арасында да, кәмелетке толмағандар арасында да кибербуллингке қатысты ешқандай арыз-шағым түскен жоқ.

ҚР Заңнамасында буллинг пен кибербуллинге қатысты Заң нормалары бекітілген. Алайда бұл қоғамда «Жәбір көрсең, шағым айту керек» деген мәдениет қалыптаспағандықтан, заң органдарында ресми түрде кибербуллинге қатысты ешқандай статистикалық деректер тіркелмеген.

– Шығыс Қазақстан облысында ересектер арасында да, кәмелетке толмағандар арасында да кибербуллингке қатысты ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Дегенмен мектептерде және басқа оқу орындарында полицейлер оқушылармен кездесулер өткізіп, онда буллингтің формалары және ықтимал салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр. Сондай-ақ, полицейлер осындай құқық бұзушылықтарға тап болған кез келген оқушыға бұл туралы ата-аналарына, мұғалімдеріне хабарлауы қажет немесе тікелей полицияға шағымдана алады, – деп түсіндірді ШҚО ПД ақпараттық саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Мұхамедқалиева.

ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Заңнамасының 127-2-бабында кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) туралы жазылған. Яғни, кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу жағдайында ескерту жасалады немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (34 500тг) айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бұл әрекет қайта жасалатын болса, отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер жәбірді көрсетуші он екі жастан он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған болса, оның ата-аналарына ескерту жасалады немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Сонымен қатар ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Заңының 73-3-бабында жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату – жеке тұлғаға бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамға бес жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Шығыс Қазақстанда интернет-буллингтің алдын алу бойынша үздік жоба жасалды. Өскемендегі Қазақстан–Американдық университетінің студенттері IT саласы бойынша үздік жоба әзірледі. Оған шетелдіктер қызығушылық танытып отыр.

- Біздің студенттердің IT жобасы интернет буллингтің алдын алуға бағытталып отыр. Үш білімгеріміз бірлесіп әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі агрессивті және күмәнді контентті нейрожелілер арқылы тани білетін Nortrom бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама онлайн-буллинг жайттарын анықтауға бағытталған және балалары интернетті белсенді пайдаланатын ата-аналар үшін маңызды құралға айналуы мүмкін. Біз жобаны ШҚО әкімі Ермек Көшербаевқа таныстырып қойдық, ол бағдарламаны пысықтап, осы саладағы жетекші мамандардың қатысуымен нақты уақыттағы жұмыс үшін платформа құруды ұсынды, - деді Жасұлан Байкенов.

Айта кету керек, бүгінгі таңда өзге мемлекеттер осы жобаға қажетті  қаражатты бөліп, іске асыруды ұсынып отыр.

Осы орайда елімізде зорлық-зомбылық және буллингтен жапа шеккендерге көмек беру жөнінде кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын айта кеткен жөн. Мүдделі мемлекеттік органдар, ғалымдар, қоғам белсенділері мен сарапшылардан тұратын жұмыс тобы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, халықаралық тәжірибені де зерттеген. Буллингке ұшыраған немесе куә болғандарды анықтау мен оларға қолдау көрсету әдістемесі қабылданған. 111 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді. Әдістемеге сәйкес мамандар қысым жасаған тараппен де, буллингке ұшыраған жақпен де жұмыс істейді. Сонымен қатар, буллингке ұшыраған бала мектеп қабырғасында оқитын болса, өз сынып жетекшісіне немесе мектеп әкімшілігіне шағымдана алады, 102 арнасына, инспекторға хабарласып, мектеп психологына да жүгіне алатынын еске саламыз.

Ұлттық тәрбиемізде «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді. Мұнда үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ұлттық тәрбие қағидаттары бойынша, әр кезеңде баланың қажеттіліктерін ескере отырып, ата-анасы оған ерекше қолдау көрсетуі тиіс. Әсіресе, 15 жастан асқан жасөспірімге психологиялық қолдау маңызды. Ата-ананың баласының пікірін тыңдап, іс-әрекетін қолдауы оны өзіне сенімді әрі қолдау көрсететін тұлға ретінде қалыптастырады. Бала ата-анасынан қолдау көрсе, өзі де өзгелерге солай қамқорлық танытады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу