KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 1 м/с, С
523.17 550.06 4.93

ШҚО әкімі: әр нысанның азаматтар үшін қолайлылыққа басымдылық беруі – заман талабы

2.12.2024, 15:00 95 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында «SuperЦОН» деген атпен танымал ірі жоба – халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба аймақтағы мемлекеттік және басқа да қызмет көрсету мекемелерін бір жерге шоғырландырып, тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Нысанның іргетасы қаланбай тұрып-ақ, аймақ басшысы Ермек Көшербаев жобаның жоспарланған аумағына барып, жұмыс барысымен танысты. Оның айтуынша, стратегиялық маңызға ие кез келген жоба бастан-аяқ сапалы орындалуы тиіс.

Жобаның ерекшелігі қандай?

«SuperЦОН» қазіргі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан өзінің функционалдық тиімділігімен ерекшеленеді. Жоба авторларының айтуынша, барлық құзырлы мекемелердің бір ғимаратта орналасуы азаматтардың уақытын үнемдеп, қызмет алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ, өзара тығыз байланыстағы мекемелердің бір жерде шоғырлануы халық үшін қосымша тиімділіктер береді.

Қазіргі уақытта ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының теңгеріміне 22-ші ықшам ауданынан 4,8 га жер учаскесі уақытша өтеусіз пайдалануға берілген. Бұл аумақта жобаны жүзеге асыру үшін «Silk Way» ЖШС жеке инвесторын тарту жоспарланған. Жобаның эскиздік нұсқасы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мақұлдауынан өтті. Нысанның басты мақсаты – Өскемен тұрғындарына мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беру арқылы уақыттарын үнемдеу.

Жоба арқылы мынадай міндеттерді орындау көзделуде:

  • Мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің барлық қажетті фронт-офистерін бір жерде шоғырландыру.
  • Мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру.
  • Тұрғындарға жоғары сапалы және қолжетімді қызмет көрсету.
  • Қала тұрғындарының жеке уақытын үнемдеуге мүмкіндік беру.

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев жоба барысында автотұрақ мәселесіне ерекше назар аударып, жерасты тұрағын қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, бірнеше мекеме бір жерде орналасатындықтан, үлкен жиындарға арналған мәжіліс залының болуы да маңызды екенін атап өтті.

– Бұқара халық көп жиналатын мұндай нысандардың қолжетімділігіне баса мән беру керек. Автотұрақ мәселесі қала үшін әлі де өзекті болып тұр. Азаматтар үшін ақылы және ақысыз тұрақтарды ұйымдастыру мәселесі бизнес саласындағы серіктестермен бірлесе шешілуі тиіс. Тұрғындардың көлік қою мәдениеті қалыптасқан сайын, бұл салада сұраныс пен ұсыныс арасында тепе-теңдік орнайды деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу