Өскеменде салынып жатқан мамандандырылған ХҚКО күніне 2 мың адамға дейін қабылдайды
Облыс орталығында жалпы аумағы 1375.34 шаршы метр болатын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қазір нысанның іргетасы көтеріліп, металл конструкциялары орнатылған, шатыры жабылған, сумен жабдықтау және кәріз құбырлары төселген, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Сондай-ақ құрылыс аумағы абаттандырылып, асфальттау жұмыстары толық аяқталған. Бір ай бұрын құрылыс басында болып қайтқан ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бүгін тағы да аталмыш орталыққа ат басын бұрып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Құрылысқа жауапты мердігер компанияға жұмысты сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Ең бастысы мұнда келушілерге қолайлы жағдай туғызу керектігін атап өтті.
Көптен күткен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылса күніне екі мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсетуге мүмкіндік туатынын мердігер компания директоры Дастан Оразалинов жеткізді.
Айта кетейік, жобаға тапсырыс беруші - "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін өңірде автомобиль нөмірін тіркеу, жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету көлемі айтарлықтай арта түседі.
Қуаныш Рахметоллаұлы