Алғаш рет ШҚО облыстық ауруханасында жүрекке пункция арқылы аорталық клапан алмастырылды
Фото: ШҚО облыстық ауруханасы
Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында жүрек клапандарын транскатетерлік жолмен алмастыру (TAVI) операциялары шамамен 5 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. ШҚО облыстық ауруханасында алғаш рет жүректің жоғарғы бөлігіне пункция жасау арқылы аорталық клапан орнатылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Операция мультидисциплинарлық дәрігерлер командасы – рентгенхирургтар, кардиохирургтар, анестезиологтардың қатысуымен және ҰҒКО дәрігерлері Серік Әлімбаев пен Абдурашид Мусаевтың жетекшілігімен жүргізілді.
Бұл әдіс жүрекке ашық операция жасауға болмайтын егде жастағы науқастардың ауыр стенозын емдеудің ең қолайлы тәсілі болып саналады. Жасанды клапан кеуде қуысына тілік жасамай, сан артериясы арқылы шағын кесікпен орнатылады. Алайда, егер науқастың артериялары атеросклероз бен кальцинозға шалдыққан болса, клапанды артерия арқылы жеткізу мүмкін емес.
Мұндай жағдайларда науқастар Астана қаласына жіберілетін. Онда клапан жүректің ұшына пункция жасау арқылы трансапикальды әдіспен орнатылатын. Осы күнге дейін Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бұл әдісті жүзеге асыратын Қазақстандағы жалғыз клиника болды.
Пациент 78 жастағы облыс тұрғыны болды. Ол ауыр аорталық стеноз, қантамырларының тарылуы, қолқаның және аяқ-қол артерияларының атеросклерозы, ауыр артериялық гипертензия сияқты бірнеше диагнозбен ауырған. Көптеген қосалқы ауруларға байланысты оған жүрекке ашық операция жасау мүмкін болмады. TAVI әдісі арқылы ғана оның өмірін құтқаруға мүмкіндік болды, бірақ мультифокальды атеросклероз клапанды сан артериясы арқылы орнатуға кедергі келтірді.
Пациент ШҚО облыстық ауруханасының кардиология бөлімінде тұрақты түрде емделіп, операция үшін Астанаға барудан бас тартып, облыстық аурухана дәрігерлерінде ота жасатқысы келетінін білдірді.
6 хирург, 2 анестезиолог, функционалдық диагностика дәрігері, бірнеше медбике мен фельдшер қатысқан операция шамамен 4 сағатқа созылып, сәтті аяқталды.
Айта кетейік, құны 7 миллион теңгеден асатын бұл операция науқас үшін тегін жүргізілді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылды.