KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
527.3 544.86 4.95

Абай шәкірттері: Қайым, Халиолла және Тайыр Жомартбаевтың әдеби мұрасы

Фото: e-history.kz

14.12.2024, 09:30 279 Гульжан Мусина

Елуінші жылдарда Қайымның Абай шәкірті деген адамдарының бірі – Халиолла Құнанбайұлы. Халиолла ақын емес дегеніміз қиянат болады. Ол – ақындықты қумағанмен жазған өлеңдері бізге жетпеген трагедиялық тұлға. Екіншіден, Халиолланың өлеңдері табылған күннің өзінде ол Абайдың ақын шәкірті болмайды. Абайға алғаш орыс пен батыстың әдебиетін таныстырған Халелді Абайдың әдеби ортасының ірі өкілі десек оңды болмақ.

«Абайдың ақын шәкірттері» кітабына еніп, Абай шәкірті атанып жүрген ақынның бірі – Тайыр Жомартбаев. Т.Жомартбаевты Абайдың шәкірті деуден гөрі, Абай дәстүрін ұстанушы ақын дегеніміз қисынға келетін сияқты. Тайыр 20 жаста болғанда Абай дүниеден озыпты. Осы аралдыққа көз жүгіртейік. 1884 жылы Көкбай ауылында (Мұқыр өзенінің бойында) дүниеге келген Тайыр Көкбайдың  медресесінде оқиды. Одан кейін Семей қаласына оқуға кетеді. Ауыл молдасынан оқыған кезде, яки Көкбай медресесінде болған уақытында  Абай ауылына барып, ақынмен кездесуі ықтимал. Бірақ, жас шәкірттің Абайды бір-екі көруі немесе аз уақыт мәжілісіне қатысуы Т.Жомартбайұлын Абайдың ақын шәкірті ете алмайды. Тайыр – Абайды өлеңге қосқан, кемеңгер ақынның дәстүрін берік ұстанып, тағылымдық поэзиясын жалғастырушы қазақ әдебиетінің айтулы өкілдерінің бірі. Т.Жомартбаев – Абайдың емес, Көкбайдың алдынан сабақ алған талантты ақын десек, оның тұлғасы әсте кішіреймейді. Қайта Абай іргесін қалаған ақындық мектептің шәкірт – Көкбайлар арқылы керегесі кеңейіп, өркендеп жатқанының айқын көрінісін аңғартады.

Осы арада айта кету ләзім, Абайдың ақын шәкірттерінің бәрі бірдей биік дәрежедегі ақын болған жоқ. Абайға жетпегені хақ, алайда әрқайсысы өз дәрежесінде ұстаз талабынан шығуға күш салды, дәстүрін жалғастырды, дара соқпақ тауып дамытуға тырысты, сөйтіп қазақ әдебиетіне өзіндік із қалдырды.

Абай мұрасын зерттеуші Ә.Жиреншин Абай еліндегі және сол елге жақын тағы бір топ өнерпазды шәкірт – ақындар тобына нақақ қосып жібереді. Мәселен, Нұрлыбек Баймұратұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген ақын, Абай дәстүрін жалғастырды дегенімізбен, Абайдың қасында болмаған. Төлеу Көбдікұлы Абаймен жақсы араласқан Қуандық Сабырбайқызынан туады. Абайды бірнеше рет көрген, ақынға арнаған өлеңдері, естелігі бар. Десек те, бұл айтылғандар Төлеу ақынды Абайдың шәкірті ете алмайды. Ә.Жиреншин атаған Байкөкше Балғынбайұлы Абайдан көп үлкен адам. Халықтың бай ауыз әдебиетін оның ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алғаш Абай өз ауылының ақыны Байкөкшеден естіген. Жасынан ерекше құрметтеп, есейген шағында Байкөкшені қасына ертіп жүрген. Өткен тарихтан сыр тартып, Абай Байкөкшеге жыр айтқызып, сол көлемді мұралардың жұрнағы бүгінде ел аузында сақталған. Сондықтан, біз Байкөкшені Абайдың шәкіртінен гөрі ақынның қасында жүрген жыр серігі деп танығанымыз абзал.                                         

Абай қасында жүрген өнерлі адамдардың бірі – Ағашаяқ. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Ағашаяқ атанғандар бірнешеу болған. Біздің сөз етіп отырғанымыз Абай елі – Мұқыр болысында туған әнші, күйші, ақындығы да бар сегіз қырлы өнерпаз Берікбол Көпенұлы Абайдың қасында жүріп ән-өлеңдерін ел арасына таратқан. Ағашаяқтың ақындығынан гөрі әншілік өнері басым болған өнерпаз. Алуан түрлі цирк ойындарының шебері Абайдың өнерпаз серігі десек жарасымды. Сондай, өнерпаздардың бірі – шайқы Қиясбай  да ел ішіндегі келеңсіздікті мазақ етіп, қашанда тосыннан тауып айтар ойлы сөзімен Абайға жағып, қасында болған жан. Бірақ ақын шәкірті емес. Абайдың мұңлы да, ойлы жүрегіне күлдіргі ісімен, қияңқы сөзімен дәру бола білген досы. Ал, Көрпебай Боранбайұлы Абайдың замандасы, досы, шебер тоғызқұмалақшы, ақындыққа еш қатысы жоқ.

Міне, абайтанушы ғылымдардан бастап, әдебиет зерттеушілері, жай пікір айтушылар түзген Абайдың маңайындағы ақын шәкірттеріне қысқаша шолу жасай отырып, өз ойымызды ортаға салдық. Қорыта айтсақ, бұл тақырыптың зерттелуіне мұрындық болған Қ.Мұхамедханұлынан басқа пікір айтушылар ақын шәкірттерді көрсетуде біршама ауытқуларға жол берген. Нақты анықтаманың жоқтығы, екіншіден Абай айналасы тақырыбымен таныс болмағандық, ақын мен өнерпаз арасына шек қоймау сияқты кемшіліктердің зерттеушілер тарапынан болғандығын айта кету керек.

Абай айналасы тек ақындармен шектеліп қалды деуге келмес. Абай тек ақындық өнерге баулушы ғана емес, жалпы бойында қандай өнері бар жастарды қасына үйірді. Ән-күй, құсбегілік, атбегілік, тоғызқұмалақ, дойбы өнерін үйренушілер мен балуан, желаяқтар Абай маңынан өнер тапты, бойындағысын шыңдады. Барлық өнердің қас шебері болды десек Абайға берілген артық баға болар еді. Бірақ, білгенін үйретіп, білмегенін алыстан іздеп, әнші шақыртып, дойбышыны бір қыс қонақ етіп, ағаш шеберіне ат-шапан пұлын беріп дегендей өнер іздеді, жанындағыларды баулыды. Сондықтан да, Абай шәкірттерінің саны біз тізімдегеннен әлдеқайда көп болуы заңды. Ол шәкірттер - Абайдың өнер мектебінің шәкірттері.

Мейлі, Абай дәстүрін жалғастырушылар дейік, Абайдың ақын шәкірттері дейік, Абай жанындағы өнерлі топ дейік осылардың барлығы – Абайдың әдебиетте үлкен мектеп қалыптастырғанының айғағы бола алады. Әуезов алғаш Абай мектебі туралы сөз қозғағанда айтқан: «Сол шақта тексеру, зерттеу нәтижелерінде, ғылымдық дәл, мол деректер талданып болған кезде, бәлки Абай шәкірттері, Абай мектебі дейтін көлемнің өзі де кеңейіп, молайып, Абай шәкірттерінің қатары да көбейе түсер»,- деген пайымы ақиқатқа айналып, бұл тақырыптың зерттелу ауқымы біздерден үлкен нәтиже күтуде.

Сонымен, Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелерді сөз етуіміздің мақсаты өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап дау-дамайға айналған тақырыптың көкейкесті деген тұстарына мән беріп, абайтану ғылымындағы орнын айқындай түсу десек, ендігі мәселе тікелей қарым-қатынаста болған ұстаз бен ақын шәкірттер арасындағы рухани байланыстардың нақты көзін ашу.

 Бауыржан Аманкелдіұлы

абайтанушы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу