Шығысқазақстандық кардиохирургтар интервенциялық кардиологияны дамытуда
ШҚО-да эндоваскулярлық хирургия және интервенциялық кардиология бөлімшесінің дәрігерлері интервенциялық кардиологияны дамытуда.
Аталған бөлімше Өскемен қаласы бойынша және жалпы өңірде жіті коронарлық синдромы (жіті инфаркт, тұрақсыз стенокардия) бар науқастарға көмек көрсету жөніндегі негізгі ургентті бөлімше болып табылады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істейді және жүрек пен қан тамырларына, қолқаға, ұйқы мен бүйрек артерияларына, жоғарғы және төменгі аяқ артерияларына, ми тамырларына операция жасайды. Мұнда әртүрлі кардиостимуляторлар орнатылады.
ШҚО ауруханасында төртінші жыл қатарынан Тavi-аорталық қақпақшаны транскатетерлік имплантациялау тәжірибесі жүргізілуде. Санның кішкене кесіндісі арқылы артерияға катетер енгізіліп, ол өзінің жұмыс істемейтін қолқа клапанының ішіне жеткізіледі. Кейін протез орнатылып, ол ашылғанда толық жұмыс істей бастайды.
Айта кету керек, 2020 жылдан бастап бөлімшеде 38 TAVI өткізілді. Науқастардың барлығы 70 пен 86 жас аралығында болған. Бұл – жоғары технологиялық, қымбат операция. Десе де барлық пациенттер үшін ол МӘМС қаражаты есебінен тегін жүргізіледі.