«Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» шежірелі кітабы оқырманға жол тартты (Видео)
Бүгін Пушкин атындағы облыстық кітапханада Құрманғали Жұмағазыұлының қазақтың тарихындағы ақтаңдақ беттерді толықтыруға үлес қосатын, кейінгі ұрпаққа бабалардың өмірін өнеге еткен, орта жүз, керей руының «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» атты шежірелі деректер кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы қазақ халқының тарихын, бабалары мен батырларының ерлігін, хандары мен билерінің төрелігін, халықтың бастан кешкен қасіретін зерттеп, құнды естелік деректерді жинақтауды тоқтатқан емес. «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» кітабында Закарияновтар әулетінің естеліктері арқылы Жоңғар шапқыншылығы, ашаршылық жылдары, Кеңестік үстемдік кезеңіндегі қазақтың өткені жайлы тарихи мағлұматтарды табуға болады.
Кітаптың алғашқы оқырмандарының бірі ҚР Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы автордың туындысын тарихи мәліметке тұнып тұрған, шежірелі деректер жайлы сыр шертетін құнды кітап ретінде бағалады.
Оқырманға жол тартқан жаңа кітап – ата-баба тарихынан бір үзік сыр шертіп, керей руының, Закарияновтар әулетінің шежіресін ғана баяндап қоймай, адам баласына берілген қысқа ғұмырды бағалай білуге, сыйластыққа, ағайын арасындағы татулыққа жетелейді.
Ақерке Рағызбаева