Зұлмат жылдар зардабы мәңгі халық жадында
Қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті жылдар – ашаршылық жылдары мен сонау 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңін суреттейтін көрме ашылды.
31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында архив материалдары, документальдық құжаттардың жиынтығынан құралған «Зұлмат жылдар елесі» атты интерактивті әдебиеттер көрмесі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасының қызметкері Бақытгүл Қалиеваның айтуынша, көрмеден Алаш қозғалысы туралы үздік кітап деп танылған Тұрсын Жұртбайдың «Менің қасіретім, менің мақтанышым – Алаш!» трилогиясын, Сара Камеронның «Голодная степь. Голод, насилие и создание Советского Казахстана» деген монографиялық зерттеуін, «Үлкен террордың» құрсауына ілініп «халық жауы», «ұлтшыл» атанған Алашордашылар туралы жазылған материалдарды тамашалауға болады.