KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, В
527.3 544.86 4.95

Ұлт денсаулығы – басты байлық 

Фото: pexels.com

14.12.2024, 12:15 182 Гульжан Мусина

Президенттің халыққа Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету басты міндеттердің бірі ретінде атап өтілді. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде Зайсан ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңғыру шаралары қолға алынуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.    

Облыста жалпы саны 364 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Оның 28-і аурухана, 131-і дәрігерлік амбулатория, 36-сы фельдшерлік-акушерлік пункт, 169-ы медициналық пункттер. Бұл мекемелердің ішінде 65 нысанның жөндеуді қажет ететіні анықталған. Алайда бұл мәселелерді бірден шешу мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, үш жылдық жоспар аясында, кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында өткен жылы 17 медициналық нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 18 нысанның құрылысы аяқталады, ал біреуі 2025 жылға ауысады. 

2024 жылы облыста тағы 19 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Зайсан ауданы бойынша Саржыра, Жаңатұрмыс ауылдарында екі медициналық пункт және Жарсу ауылында 740,2 миллион теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. 

Айнабұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2016 жылы салынып, күніне 20 адамды қабылдай алады. Онда бір дәрігер, бес орта буын медицина қызметкері және қосалқы қызметкерлер еңбек етеді. Амбулаторияның жабдықталу деңгейі 88,3%-ды құрайды. Алдағы уақытта пульсоксиметр сатып алу жоспарланып отыр. 

Зайсан аудандық ауруханасы да назардан тыс қалған жоқ. 2021-2023 жылдары ауруханаға 955,6 миллион теңгеге 61 бірлік заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Олардың қатарында сандық рентген жүйесі, компьютерлік томограф, бейнекольпоскоп, операциялық үстел сияқты жоғары технологиялық құралдар бар. Биыл аурухананың перзентхана бөлімшесі кардиотокографпен қамтамасыз етілді. 

Денсаулық сақтау саласында сапалы қызмет көрсету үшін тек заманауи жабдық қана емес, жоғары білікті мамандардың болуы да маңызды. Осы мақсатта облыс дәрігерлері шетелдік үздік клиникаларда біліктілігін арттырудан өтуде. Биылдың өзінде 44 медицина қызметкері Ресей, Германия және Түркия елдерінде оқып келді. Бұл мақсатқа 420,1 миллион теңге бөлінсе, Зайсан ауданынан екі маман Түркия клиникасында білім алып, 18,4 миллион теңге игерілді. 

Сонымен қатар, Зайсан ауданында кадр тапшылығы мәселесі толығымен шешілді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде соңғы бес жылда 13 дәрігер мен 53 мұғалім тұрғын үймен қамтамасыз етілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 27 мұғалім мен 7 дәрігер туған өлкелеріне оралып, ауылда еңбек етуде. Биыл аса тапшы мамандарға біржолғы 8,5 миллион теңге көмек көрсетілді. 

Аудандағы медициналық нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Былтыр Зайсан аудандық ауруханасының шатыры 171,8 миллион теңгеге жөнделсе, биыл мәйітхананы күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 3,6 миллион теңге бөлінді. Бұл құжаттама ағымдағы жылдың соңына дейін дайын болып, 2025 жылы жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде. 

Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жаңғырту жұмыстары халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Заманауи инфрақұрылым мен білікті мамандардың қызметі ұлт денсаулығын нығайтып, болашаққа деген сенімді нығайтады. Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар аудандар мен ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға өз үлесін қосып, халықтың ризашылығына бөленіп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу